Қазақстан неге африкашыл болып кетті – СІМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров әлеуметтік желідегі «Қазақстан неге тым африкашыл болып кетті?» деген сынға жауап берді.

- Біздің Африка құрлығы елдерімен ынтымақтастығымыз айтарлықтай белсенді дамып келе жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Қоғамда осы байланыстар туралы сұрақтар туындап отыр. Сондықтан Қазақстанның сыртқы саясатының осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары туралы қысқаша түсінік бергім келеді, - деп бастады СІМ ресми өкілі.
Айтуынша, Африка елдерімен ІТ және электрондық үкімет саласындағы өзара іс-қимыл аса жемісті болып отыр.
- Мемлекеттік қызметтердің цифрлануы, Smart-шешімдер және инфрақұрылымды дамыту бағытында тәжірибе алмасып жатырмыз. Біздің жобалар көптеген африкалық ел үшін практикалық мәнге ие. Ресми сапарлар жиі өзара байланыстардың қозғаушы күші болады. Мұндай қарым-қатынастардың жандануы дипломатиялық өкілдіктеріміздің кеңеюімен байланысты. 2012 жылы Африка құрлығында тек Мысырда ғана елшілігіміз болды. Қазір олардың саны 6-ға жетті – Мысыр, Оңтүстік Африка Республикасы, Эфиопия, Марокко, Алжир және Кенияда елшіліктеріміз бар, - деді ол.
Айбек Смадияров дипломатиялық миссияларды ашу нақты экономикалық нәтижелер бергенін айтады.
- Егер 2012 жылы Қазақстанның Африка елдерімен тауар айналымы шашамен 100 млн доллар болса, 2022 жылы ол алғашқы рет 1 млрд доллардан асты. Бұл – қазақ-африкалық сауда тарихындағы рекорд. Сонымен қатар дипломатиялық миссиялары жоқ елдерде құрметті консулдар институтын белсенді түрде дамытып келеміз. Бүгін Қазақстан Африкаға күкірт, мұнай коксын металл өнімдерін, ауыл шаруашылығы өнімдері мен минералды тыңайтқыштарды экспорттайды. Мысалы, биыл мамырдың басында 15 жылдан кейін алғашқы рет қазақ дәнді дақылдарының партиясы Мароккоға жіберілді. Бұл экспорт бағытында әртараптандыруда маңызды қадам болды. Сонымен қатар дәнді дақылдарды Мысыр, Нигерия, Кот-д'Ивуар, Сенегал және басқа да құрлық елдеріне жеткізу мәселелері қарастырылып отыр. Африкадан Қазақстанға жемістер, кофе, какао бұршақтары, шай, фармацевтикалық өнімдер, текстиль, косметика және электр техникасы тасымалданады, - деді СІМ ресми өкілі.
Қазақстан Африка елдерімен байланысты күшейтуге баса мән беретінін жазған болатынбыз.