Қазақстан өңделмеген болатты сыртқа шығаруға 6 айлық тыйым енгізбекші
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңделмеген болатты сыртқа шығаруға алты ай бойы тыйым салатын құжатты ашық талқылауға шығарды.

- Қазақстан Республикасының аумағынан көліктің барлық түрімен:
- легирленбеген болат құймасы мен бастапқы формадағы темірді (7203 тауар позициясындағы темірден басқа);
- темірден немесе легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттарды әкетуге алты ай мерзімге тыйым салуды енгізілсін, - деп жазылған құжат жобасында.
Құжатта бұл шешім елдегі металлургия кәсіпорындарын қосылған құны жоғары, орташа және терең өңделген дайын өнім өндірісін дамытып, болат құю өнеркәсібін кеңейтуге ынталандыру үшін қабылданғаны айтылған.
Құжат жобасы 16 маусымға дейін қоғам талқылауында болады.
Бұған дейін осы ведомстводағы Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Қазақстан неге металды шикідей сатудан бас тартпай отырғанын түсіндірген болатын.