Қазақстан Орталық Азиядағы жас буын мен Еуропадағы қарттар арасында тұр - сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 65-тен асқан егде жастағы халық үлесі 9% асты. Әсіресе жасы үлкен кісілер Шығыс Қазақстан облысында — 16,3%, Солтүстік Қазақстан облысында — 15,7%, Қостанай облысында — 14,1% көбірек.

 Шынар Төлешова
Фото: Экономикалық зерттеулер институты

Бұл деректерді Экономикалық зерттеулер институтының өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығы директорының орынбасары Шынар Төлешова айтып берді.

Халықтың қартаюы – халық санында егде жастағы (65 жастан асқан) адамдар артатын жаһандық демографиялық үрдіс. Бұл процесс өмір сүру ұзақтығы өскенін көрсетеді. Дегенмен, туу деңгейі төмен елдер халықтың қартайып жатқанына басқаларға қарағанда көбірек алаңдайды. Себебі бұл елдерде туу төмендеп кеткен кезеңде дүниеге келген адамдар еңбек нарығына шыққанда олардың саны еңбекке қабілетті адамдардың орнын толтыру үшін жеткіліксіз болады.

– БҰҰ-ның 2023 жылғы мәліметі бойынша, Еуропа, Солтүстік Америка елдерінде, Аустралия және Жаңа Зеландияда 65 жастан асқан халықтың үлесі – орта есеппен 19,2% болса, 0-14 жас аралығындағы балалар үлесі – 16,2%. Осылайша, бұл елдердегі еңбекке қабілетті халықтың демографиялық жүктемесі егде адамдарға көбірек түседі, – дейді Ш. Төлешова.

Басқа елдермен салыстырғанда, Орталық Азияда халықтың басым бөлігі – жастар. БҰҰ-ның 2023 жылғы дерегінше, Тәжікстандағы егде жастағы халық үлесі – 3,7%, Түрікменстанда – 4,3%, Қырғызстанда – 5,4%, Өзбекстанда – 5,7%-ке жетті. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 8,8%, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 9,2%-ке жетіп отыр.

Сонымен қатар бұл елдерде бала көп екенін айта кеткен жөн: Тәжікстанда – 36,5%, Қырғызстанда – 32,7%, Түрікменстанда – 31,7%, Өзбекстанда – 30,9%, Қазақстанда – 29,2%.

Ең жас халық негізінен оңтүстік және батыс өңірлерде шоғырланған. Мәселен 2025 жылдың басында Маңғыстау облысында қарт адамдардың үлесі – 5,7%, ал балалардың үлесі – 36,2%; Түркістан облысында – 6,2% және тиісінше 36,3% болған.

– Солтүстік аймақтың көрсеткіштерін еуропалық өңірлермен салыстыруға болады. Солтүстік Қазақстан облысында егде жастағы халықтың үлесі – 15,7%, балалар үлесі – 19,4%, Шығыс Қазақстан облысында – 16,3% және 20,9%, Қостанай облысында тиісінше – 14,1% және 20,5% болып отыр. Солтүстік өңірлерде халықтың қартаюының негізгі факторы – жастардың көші-қоны, – деді спикер.

Сарапшы бірқатар өңірдегі демографиялық үрдістерге байланысты денсаулық сақтау жүйесін дамытуды, егде жастағы адамдардың қажеттіліктерін ескеріп, әлеуметтік нысандарды дамытуды және белсенді әрі ұзақ өмір сүруге жағдай жасауды ұсынады. Еңбекке, қоғамдық өмірге араласатын қарттарды ынталандыратын елдердің тәжірибесі оған жақсы мысал бола алады.

Айта кетейік, 1 қазан – Дүниежүзілік Қарттар күні. Бұл дата 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында ресми бекітілген.

 

Соңғы жаңалықтар