Қазақстан полициясы Грузия тәжірибесін неге алмайды - Қасымовтың жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «Қазақстан полициясы Грузияның тәжірибесін неге алмайды» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Әрине, көп сұрақтар бар. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бізге берілгелі де бес жыл өтіп кетті. Төтенше жағдайлар комитетінің де бізге берілгеніне  үш жыл болды. Жұмыс өте көп. Мен оны түсінемін. Бірақ, тапсырмаға байланысты жұмыстардың барлығын атқарып отырмыз. Грузиялық әдіс туралы айтайық: біз онда бардық. Көрдік. Бізде олардың қандай жұмыс атқарғаны мен біздің қандай жұмыс атқарғанымыз туралы кесте бар. Егер қаласаңыздар, мен оны сізге көрсете аламын», - деді Қасымов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында сұрақ қойған тілшіге.

Қасымовтың айтуынша, қазірге дейін грузиялық тәжірибенің бірқатары қазақстандық полиция құрылымдарына енгізілген.

«Көп мәселелерді кейбір адамдар көрмей, неге грузиялық тәжірибені енгізбейсіздер деп айтады. Ең бірінші олар не істеді? Грузияның аумағы мына Ақмола облысымен ғана бірдей. Жеті ауданда жеті аудандық бөлімдерді салды. Министрлікті салды. Телекоммуникация бәрін алып келді де, барлық полицияға киімді берді. Қысқартты. Айлықтарын 500 АҚШ долларынан 2 мың долларға дейін көтерді. Бірақ, былай қарағанда ол жақта - 3,5 млн адамға 82 мың полицей болған. Грузия ол кезде полициялық мемлекет болған. Соны қысқартып, қазір полиция қызметкерлерінің санын 20 мыңға дейін жеткізіп, айлықтарын көтерді. Біз оны қазір олай істей алмаймыз», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Министр грузиялық құқық қорғаушылар туралы тоқтала келе, қазақстандық полиция қызметінде қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді.

«Ең біріншіден, ХҚО-ларды істедік. Екіншіден, жол-патрульдік полицияны былайғы полициямен қосу тәжірибесін сол жақтан (Грузиядан) алғанбыз. Көліктердің көрікті нөмірлерін беру әдісін де Грузиядан көрдік. Соның көбісін алдық. Бәрін істегенімізбен, 4-5еуін шеше алмай қалдық. Біз бір ғимарат та салған жоқпыз, біздің айлықты көтерген жоқ, бізге техника да берген жоқ. Бізге жаңа форма мен рацияларды берген жоқ. Бірақ, бұл мәселелерді біз өзіміздің бюджетке қарап шешіп жатырмыз», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Соңғы жаңалықтар