Президент елшілерді тағайындады
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшасы елшілерді тағайындады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен:
Роман Юрьевич Василенко Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды;
Ержан Иракұлы Елекеев Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен:
Марғұлан Бақытұлы Баймұхан Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы, Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды;
Азамат Рахманқұлұлы Бердібай Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды;
Арман Асқарұлы Исетов Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды.
Роман Юрьевич Василенко – Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі, Қазақстан Республикасының Еуропа одағы және Солтүстік Атлант шарты ұйымы жанындағы Өкілдігінің басшысы.

1972 жылғы 14 тамызда Шымкент қаласында туған.
1994 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Экономика, қаржы және құқық әскери академиясын үздік бітірген.
Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты Халықаралық бөлімінің бас маманы ретінде бастады. Сондай-ақ ҚР Премьер-министрінің кеңсесінде, ҚР Мемлекеттік хатшысының хатшылығында және басқа мекемелерде жұмыс істеді.
ҚР Сыртқы істер министрлігінде Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болды. Әртүрлі жылдары Қазақстанның Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарындағы елшіліктерінде дипломатиялық лауазымдарда қызмет атқарды. 2016-2019 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды, ал 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейін Қазақстанның Словакиядағы Елшісі болды. Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі, ЕО және НАТО жанындағы ҚР Өкілдігінің басшысы болып тағайындалғанға дейін 2022 жылғы қаңтардан бастап ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымында болды.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежеге ие.
Ағылшын, француз, словак және вьетнам тілдерін меңгерген.
Ержан Иракұлы Елекеев – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі.

1986 жылғы 2 сәуірде Ақтау қаласында дүниеге келген.
2007 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін бітірген.
2011 жылы Глазго университетінде магистр дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2007 жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Инвесторлармен байланыс департаментінің маманы ретінде бастады. Әртүрлі жылдары «Самұрық-Қазына» қоры жүйесінде бас менеджер, блок жетекшісі, трансформация жобалары портфелін басқару жөніндегі директор лауазымдарда жұмыс істеді.
2020-2023 жылдар аралығында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның сараптамалық-талдамалық тобы басшысының орынбасары, «Альфа-Банк Қазақстан» АҚ жобалық кеңсесінің директоры, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның активтерді басқару және жобалармен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды.
Қазақстанның Кувейттегі Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2024 жылғы наурыздан бастап «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы лауазымын атқарды. Ағылшын тілін меңгерген.
Айта кетейік, Швеция елшісі Қазақстанды көлікпен саяхаттады.