Қазақстан Ресей мен Беларуське кедендік баж салығын уақытша рубльмен аударады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа мүше мемлекеттер арасындағы шеттен әкелінген кедендік баж салығы сомаларын аудару тәртібіне өзгерістер енгізу жөніндегі заңды қабылдады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, заң ЕАЭО туралы шартқа Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен кедендік баж салығы бойынша есеп айырысу тетігін уақытша ресей рубліне көшіру мерзімі екі жыл болып белгіленетін өзгерістер енгізеді.
– Бұл шешім Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына қарсы салынған санкциялық шектеулерге байланысты АҚШ долларымен есеп айырысудың мүмкін еместігі себепті қабылданды. Бұл ретте кедендік баж салығы сомаларын елдердің бюджеттеріне бөлу және аудару механизмі өзгеріссіз қалды, – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қабылданған механизм ЕАЭО мүше мемлекеттерінің бюджеттеріне кедендік баж салығын тұрақты аударуды қамтамасыз етті.