«Қазақстан» шахтасында 4-ші кеншінің денесі табылды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Қазақстан» шахтасында төртінші кеншінің мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Төртінші кеншінің денесі табылды, Халиков Артур Ринатович, 1994 жылы туған, 4-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 10 жыл. Марқұмның әріптестері мен компанияның бүкіл ұжымы мезгілсіз қаза болған жолдастың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады», - делінген хабарламада.

Еске салайық, Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.

Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.

5 жұмысшының тағдыры белгісіз болды. Бүгінге дейін 3 адамның денесі табылып, аты-жөні жарияланған еді.

18 тамыздағы жағдай бойынша медицина мекемелерінде өрттен зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім еткендей, «Қазақстан» шахтасындағы апат үшін жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтар