«Қазақстан» шахтасында өрт сөндірудің белсенді кезеңі басталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – «Қазақстан» шахтасында өрт сөндірудің белсенді кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт шыққан шахтада тағдыры белгісіз болған бесінші кеншінің денесі табылғаннан кейін, өрт сөндіру қарқынмен жүргізіле бастады. Бұған дейін бар күш-жігер жер бетіне шығарылмай қалған кеншілерді іздеп табуға жұмылдырылған болатын.
«Қазақстан» шахтасында төтенше жағдайды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайжы жою жұмыстары Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың бақылауында. Тау-кен құтқарушылары (кезекшілігі – ред.) ауыстырылды.«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық орталық штабының басшылығымен тау-кен құтқарушыларының жаңа ауысымының алдына міндеттер қойылды. Сағат 22:40-та бесінші тау-кен жұмысшысының денесі табылды. Іздестіру жұмыстары апат болған учаскедегі түтінмен және жоғары температура салдарынан қиындаған болатын. Тау-кен құтқарушылары өрт ошақтарын сөндірудің белсенді кезеңіне кірісуде
, - делінген министрлік мәліметінде.
Еске салсақ, Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.
Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.
Бүгін шахтаның астында қалып қойған бесінші кеншінің денесі табылды.
Қаза тапқандардың аты-жөні:
1. Стешин Денис Геннадьевич, 1978 жылы туған, 4-разрядты жерасты үңгушісі, еңбек өтілі 21 жыл;
2. Халиков Артур Ринатович, 1994 жылы туған, 4-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 10 жыл;
3. Бургун Виктор Сергеевич, 1966 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
4. Слюньков Виталий Владимирович, 1965 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
5. Старовойт Илья Александрович, 1996 жылы туған, 3-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 4 жыл.
18 тамыздағы жағдай бойынша медицина мекемелерінде өрттен зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім еткендей, «Қазақстан» шахтасындағы апат үшін жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
20 тамыз «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да аза тұту күні болып жарияланды.
Компания басшылығы зардап шеккен отбасыларға қажетті барлық көмек көрсетуге уәде етті.