Қазақстан спортындағы ең танымал интернационал отбасылар

АСТАНА. KAZINFORM – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осы мерекеге орай Kazinform тілшісі отандық спорт әлеміндегі түрлі ұлт өкілдерінен құралған танымал әулеттерге шолу жасайды.

а
Фото спортшылардың Instagram парақшаларынан алынды

Ел игілігінің негізі – ұлтаралық татулық. Бүгінгі мереке Қазақстанды мекен еткен барша этнос арасындағы достық пен берекенің символына айналған. Елімізде халықтар достығын айшықтайтын этносаралық некелердің болуы қалыпты құбылыс, соңғы жылдары тіркелген некелердің 18–19 %-ы осындай одақтардың үлесінде.

Бұл – елімізде құрылған әрбір бесінші шаңырақтың интернационалды екендігінің көрінісі. Олардың ішінде жанкүйерге танымал спортшылардың немесе ерлі-зайыптылардың бірі үлкен спортқа қатысы бар жандардың жұбы аз емес. Назарларыңызға спорт саласында жүріп, бір арнада тоғысқан танымал тұлғаларды ұсынамыз.

Денис пен Мадина Никиша

Денис пен Мадинаның шаңырағы – еліміздегі еуразиялық үлгінің жарқын көрінісі. 2022 жылдың желтоқсанында Алматыда өткен шорт-тректен Әлем кубогында жеңіске жеткеннен кейін, Денис сүйіктісі Мәдинаға ұсынысты тікелей «Халық Арена» мұз айдынында жасады. Конькимен мұз үстінде тізерлеп, жүрекжарды ұсынысын білдірген сәт көптің есінде қалды.

а
Фото спортшылардың Instagram парақшаларынан алынды

Жұп 2024 жылдың жазында, Денис мансабында алғаш рет әлем вице-чемпионы атанғаннан кейін некелерін ресми түрде қиды. Спортшының айтуынша, отбасылық өмір жаттығудан алаңдатпайды, керісінше, мотивация беріп, қолдайды. Бүгінде ерлі-зайыпты кішкентай қыз тәрбиелеп отыр. Денис қызының есімі жазылған білезікті жарыстар кезінде бойтұмар ретінде тағып жүреді.

Нариман мен Аида Құрбановтар

Нариман мен Аиданы табыстырған – спорт. Екеуі де гимнаст. Аида Бауыржанова (тұрмысқа шыққан соң Құрбанова) – спорттық гимнастикадан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны әрі көшбасшысы, Ислам ойындарының чемпионы және Азия біріншілігінің жүлдегері.

а
Фото спортшылардың Instagram парақшаларынан алынды

Бұл жұптың хикаясы 2018 жылы басталып, 6 жылдан соң, яғни Нариман Олимпиадада топ жарғаннан кейін, 2024 жылдың қыркүйегінде заңды некеге ұласты. 2026 жылдың басында Нариман мен Аида әлеуметтік желіде сүйінші жаңалықтарын бөлісіп, алғашқы сәбилерін күтіп жүргендерін ресми түрде жариялады.

Руслан мен Юлия Құрбановтар

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, танымал семсерлесуші Руслан Құрбанов пен оның жары Юлияның отасқанына көп бола қоймаса да, бұл жұп туралы қызықты деректер жеткілікті.

а
Фото спортшылардың Instagram парақшаларынан алынды

Олар 2021 жылы Токио Олимпиадасынан кейін әлеуметтік желі арқылы танысқан. Руслан Алматыда Юлияны кофе ішуге шақырады. Болашақ жарының Олимпиададан кейінгі спортшының психологиялық күйіне шын ниетпен алаңдаушылық білдіргені Русланды тәнті еткен. Танысқандарына екі жыл болған соң, ол үйінде болашақ жарына ұсыныс жасап, 2023 жылдың қыркүйегінде дүбірлетіп той өткізген.

Юлия Құрбанова – менеджмент магистрі дәрежесі бар экономист болғанымен, спорттан алыс емес (кезінде синхронды жүзу, волейбол және бимен айналысқан). Қазіргі таңда киноиндустрияда еңбек етеді, сонымен қатар Қазақстан семсерлесу федерациясының PR қызметін басқарады.

Юлия Русланның бірінші некесінен туған ұлы Тамирмен тез тіл табысып, жақын дос болып кетті. Спортшы болашақ жарына ұсыныс жасаған сәтте де қасында кішкентай Тамир болған. Юлия ас үй шаруасына да бейім. Ұзақ жиындардан оралған жарына борщ пен котлет әзірлегенді ұнатады. Ал Руслан қалыптасқан дәстүр бойынша сүйіктісіне таңғы ас дайындауды өз мойнына алған.

Аделина мен Виталий Земс

Аделина Земс (тұрмысқа шыққанға дейін – Ахметова) пен оның жолдасы – жеңіл атлетикадан танымал спорттық жұп. Ортақ мүдде мен бір спорт түріне деген махаббат олардың сезімін ұштастырған. Аделина өз мансабында жабық ғимараттағы Азия біріншілігінің үш дүркін чемпионы (4х400 м эстафета) атанып, жазғы Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал Виталий Земс – қысқа қашықтыққа жүгірудің (спринт) шебері.

а
Фото спортшылардың Instagram парақшаларынан алынды

Ерлі-зайыпты бірге жаттығады, ұлттық құрама сапындағы оқу-жаттығу жиындарына да жиі бірге барады. Аделина әлеуметтік желідегі парақшасында спорттағы кез келген белестер мен қиындықтарда жары, шаңырағы және жаттықтырушысы ең басты тірегі екенін үнемі айтып жүреді. Бұл жұп кәсіби желаяқтардың таң атқаннан кеш батқанға дейінгі ауыр жаттығу сәттерін, стадион мен спорт залындағы көзден таса өмірін оқырмандарына әзілмен жеткізе біледі.

Нұрқожа Қайпанов пен Мария Седнева

Олар еркін күрес әлеміндегі шоқтығы биік жұптардың бірі. Нұрқожа – әлем және Азия чемпионы атанған белгілі балуан. Жары Мария да әйелдер күресінен түрлі халықаралық турнирлерде топ жарып жүр.

а
Фото спортшылардың Instagram парақшаларынан алынды

Нұрқожа Қайпанов пен Мария Седневаның Рахметулла есімді ұлдары бар, ол биыл 5 жасқа толады. Мария ана атанса да (тұрмысқа шыққан соң Седнева-Қайпанова қос тегін алды), боз кілемге сәтті оралып, ірі додаларда жүлде алуды жалғастырды.

Асхат Жіткеев пен Елена Павлова

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев пен сол Олимпиаданың қатысушысы, волейболшы Елена Павлова – қазақстандық спорттағы ең үлгілі жұптардың бірі.

а
Фото спортшылардың Instagram парақшаларынан алынды

Атақты спортшылардың отбасында Томирис, Расул, Ясмин және Таймас есімді төрт бала тәрбиеленіп отыр. Елена бала тәрбиесі мен үлкен отбасының қамы үшін волейболдағы кәсіби мансабын аяқтаған болатын.

Медет Анарқұлов пен Сана Анарқұлова (Жарлағасова)

Медет – кәсіби волейболшы. Сана да – танымал волейболшы, ұзақ уақыт бойы Қазақстан құрамасының капитаны болды. Оның атасы – украин, ал отбасында бірнеше ұлттың қаны бар, сондықтан олардың одағын жиі ұлтаралық отбасының жарқын үлгісі ретінде атайды.

в
Фото спортшылардың Instagram парақшаларынан алынды

Медет пен Сана Анарқұловтардың Милана есімді қызы бар. Ол 2013 жылы дүниеге келген. Ата-анасының сұхбаттарында айтуынша, қыз бала анасының қайсар мінезі мен әкесінің әдемі көздерін мұра еткен. Бір қызығы, сәбидің дүниеге келуі Сананың спорттық мансабын жалғастыруына кедергі болған жоқ, ол әлі де қазақстандық волейболдың көшбасшысы болып қалып отыр.

Мұндай жұптардың көпшілігін ұлты емес, ортақ мүдделері, спортқа деген адалдығы біріктіреді. Отбасында ерлі-зайыптының бірі үлкен спортпен айналысса, екіншісі оның жұмысын бөлісіп, барлық жағынан қолдау көрсетеді.

Айта кетейік, елордада этностар фестивалі ұйымдастырылған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар