Қазақстан тарихы туралы 7 томдықтың негізгі жаңалықтары қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан тарихы бойынша жарық көретін жеті томдықта Ресей, Қытай, Парсы, Еуропа архивтерінен табылған тың құжаттар мен деректер пайдаланылады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин депутат Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты.

Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, әзірленіп жатқан Қазақстан тарихы көптомдығының басты ерекшелігі әдістемелік тұрғысынан болмақ.
– Бұл көптомдықта өркениеттік тұжырымдама қолданылады. Яғни, Қазақстан тек ежелгі мемлекеттердің мекен еткен территориясы ғана емес, өзіндік тұтас өркениеттің ошағы мен даму орталығы ретінде де көрсетіледі. Біз осы уақытқа дейін «осындай территорияда осындай мемлекет болған екен» деген тұжырыммен ғана келдік және соны дәлелдеуге тырысатынбыз. Біздің ойымызша, бұл дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым. Қазақстан аумағында түрлі ежелгі мемлекеттер болғаны онсыз да белгілі, - деді Е. Қарин.
Ол сонымен қатар Қазақстан үлкен көшпелі дала өркениетінің ошағы екенін де тілге тиек етті.
– Біз осы территорияда ғана емес, біздің территориядан тыс аумақтарға да өзіміздің мәдени, саяси ықпалымызды жүргізгенбіз. Осындай үлкен әдістемелік жаңалығымыз болады. Мұны біз жыл басында Қазақстан тарихшылары конгресінде талқылағанбыз. Соған сәйкес әдістемелік топ құрдық. Топ ішінде бұл тұжырымдама талқыланып, оны әрбір томда қолданып жатырмыз. Мысалы біз бұрын мемлекеттілік дәуірін Түркі дәуірінен бастасақ, қазіргі зерттеулерге сәйкес, мемлекеттілікті Сақ дәуірінен бастауға әбден болатынын көрсеттік. Одан бөлек Қазақстан аумағында Алтай, Жетісу, Арал маңы, Ботай мәдениеті сияқты бірнеше өркениеттік ареал болғанын да көрсетеміз, - деді Мемлекеттік кеңесші.
Мысалы көптомдықтың екінші томында Қазақстан территориясында әртүрлі кезеңде өмір сүрген 14-15 түркі мемлекетінің тарихы жазылмақ.
– Үшінші томда отандық тарих ғылымында тұңғыш рет тұтас Алтын орда дәуірін бөлек келтіретін боламыз. Бұған көптеген жаңа дерек қолданылады. Кейінгі жылдары жүргізілген шетелдегі архив жұмыстарының нәтижесінде, бұған дейінгі дерек бойынша Ресей, Қытай, Парсы, Еуропа архивтерінен бұрын-соңды қолданылмаған 6 мыңға жуық архивтік құжаттар, карталар табылды. Бұлар да осы көптомдықта жарияланады. Сондықтан бұл көптомдықтың жаңалықтары көп болады әрі кеңінен талқыланады, - деп толықтырды сөзін Ерлан Қарин.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ерлан Қарин ауыл әкімдерінің корпусы 100 пайыз жаңартылғанын Telegram арнасындағы парақшасында жазған болатын.