Қазақстан тарихының жеті томдығы негізінде мектепке арналған оқу бағдарламасы жасалады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордадағы «Қазақ хандығы: Этносаяси тарихы және сыртқы саясаты» атты ғылыми конференцияда ел тарихына арналған жаңа кітаптар таныстырылды.

Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдық
Фото: Ағыбай Аяпбергенов /Kazinform

- Біздің тарихымыз жайындағы еңбектерде бір парадокс бар. ХХ ғасырдың басынан бері Қазақ хандығы зерттеліп келеді. Бірақ бізде қазақтың тарихы, Қазақ хандығы жеке бір тарихтың субъектісі ретінде қарастырылмады. Бұл ретте, Қазақ хандығы басқа елдердің саясатына қатысты зерттелді. Сондықтан дербес тарихтың субъектісі ретінде алғаш рет бүгін таныстырылып жатқан монографияларда маңызды деректер қамтылған. Қазақ хандығы жөнінде тұтас әрі жүйелі зерттеу осыған дейін болмады деп айтуға болады. Бізде көптеген монография бар, алайда оларда басқа елдердің саясатымен бірге қарастырылған. Осы орайда қазір бес кітап жарыққа шықты. Атап айтқанда, бүгін қазақ тарихнамасында үлкен ғылыми жаңалыққа куә болдық, - деді Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл.

Еркін Әбіл
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар ол Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдық дайындалып жатқанын еске салды.

- Жеті томдық негізінде мектепке арналған оқу бағдарламасы жасалады. Ал бүгін таныстырылған кітаптар жеті томдықтың IV және V томына енеді деп ойлаймын, себебі авторлардың көбі жеті томдықтың жұмысына да жұмылдырылған, - деді депутат.

Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдық қашан дайын болады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Атап айтқанда, конференция барысында «Қазақ хандығының XV ғ. екінші жартысы - XVIII ғ. бірінші жартысындағы тарихы», «XVI–XVIII ғасырлардағы Еуропа карталарындағы Қазақстан территориясы», «Қазақ хандығының энциклопедиясы», «Қазақ хандығының тарихы» кітаптары таныстырылды.

 Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдық қашан дайын болады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдықта не қамтылатынын жазған едік.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл қазан айының басында Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.

Осы орайда редакция алқасы жалпы дауыс беру арқылы баспаға дайындау үшін басылымның үшінші томының қолжазбасын бекіту туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар