Қазақстан Таяу Шығыс елдеріне әуе кеңістігін жапты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты әуе қатынасына қатысты ресми түсінік берді.

— Таяу Шығыстағы соғыс қимылы мен азаматтық авиация қауіпсіздігіне төнген қауіптің жоғары деңгейіне байланысты Қазақстанның авиациялық әкімшілігі келесі ескертуге дейін Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігі үстінде, ішінде және оған жақын жерде ұшуларға толық тыйым салады, — делінген хабарламада.
Аталған нұсқаулық қазақстандық әуе кемесін пайдаланушылардың барлық тұрақты және тұрақты емес жолаушылар, жүк және техникалық рейсіне қатысты болып отыр.
— Аталған нұсқаулық жарияланған сәттен бастап күшіне енеді және міндетті орындалуы тиіс. Аймақтағы жағдай өзгерсе, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қосымша ақпарат береді, — делінген хабарламада.
Айта кетелік СІМ Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпті әскери шиеленіске байланысты мәлімдеме жасаған еді.
Бұған дейін Израиль Иранға соққы беріп, әуе кеңістігін жауып тастағаны туралы жазған едік. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Израильдің Иранға қарсы жасаған соққыларын «біржақты әрекет» деп атап, оған Ақ үйдің қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін мұнай бағасы күрт көтерілді. Сондай-ақ Иран Израильге 100-ден астам дрон жіберді.