Қазақстан таза энергия көздерін қолдау бағытында өте жақсы үлгі көрсетіп келеді — Пан Ги Мун

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана халықаралық форумында БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының президенті Пан Ги Мун Қазақстанның орнықты даму мәселесіне қосқан үлесі жайында пікір айтты.

Қазақстан таза энергия көздерін қолдау бағытында өте жақсы үлгі көрсетіп келеді — Пан Ги Мун
Фото: Ақорда

— БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшы ретінде климатқа қатысты Париж келісімі мен орнықты даму күн тәртібінің ерекше маңызды екенін атап өткім келеді. Осы орайда Қазақстанның орнықты даму мен климаттың өзгеруі мәселелеріне қосқан үлесіне ерекше қолдау білдіргім келеді. Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның нашарлауы және таза энергетикаға көшу іс-қимылдарының негізгі мәселелерін бір ел өзі ғана шеше алмайды. Қаншалықты қуатты немесе ресурстарға бай мемлекет болса да, осы ауқымды міндетті жалғыз еңсеруге қауқарсыз. Өйткені мұндай сын-қатерлер саяси идеологиялардың шекарасынан тыс, — деді Пан Ги Мун.

Оның пайымынша, осы күрделі міндеттер өңірлердің бірлескен күш-жігерін талап етеді.

— Орталық Азия елдерінің «жасыл» дамуға, осы саладағы ынтымақтастыққа баса назар аударып отырғанына өте қуаныштымын. Қазақстанның энергетиканы дамыту және орнықты даму үшін үлкен әлеуеті бар. Бұл тұрғыда Қазақстан таза энергия көздеріне инвестиция салу арқылы өте жақсы үлгі көрсетіп келеді. Мұның бәрі табысты және жарқын болашақ үшін жақсы негіз бола алады, — деді Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының президенті.

Айта кетейік, бұған дейін Орнықты даму мақсаттарының ұлттық индикаторларының жаңартылған тізбесі бекітілді

Орнықты даму мақсаттарын 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы кедейлік пен теңсіздікті жоюға, қоршаған ортаны қорғауға және әлем халқының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық іс-әрекетке шақыру ретінде қабылдады.

Соңғы жаңалықтар