Қазақстан ТМҰ елдеріне 7,6 млрд долларға өнім экспорттаған

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерге негізінен мыс, мұнай, астық және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Түркі елдерімен тауар айналымы деректерін Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев айтып берді. 

Қазақстан ТМҰ елдеріне 7,6 млрд долларға өнім экспорттаған
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның ТМҰ елдерімен жалпы өзара сауда көлемі 10,4 млрд долларға жеткен. Әсіресе ең жоғары тауар айналымы Түркия (4,36 млрд доллар), Өзбекстан (3,88 млрд доллар), Қырғызстан (1,78 млрд доллар) және Әзербайжан елдері (0,39 млрд доллар) арасында жасалған. Бұл елдерге ұйым аясындағы өзара сауданың барлық дерлік көлемі тиесілі.

Бұл ретте Қазақстанның ТМҰ елдеріне экспорты 7,6 млрд долларға жетіп, 17,1%-ға артқан. Импорт бойынша, 2,8 млрд доллар болатын өнім елге жеткізілген. Нәтижесінде оң сауда сальдосы 4,8 млрд доллар болды.

— Бұл динамика түркі мемлекеттерінің нарықтарында қазақстандық өнімге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Экспорттың өсуі ең алдымен мыс пен мыс катодтарын, шикі мұнай, бидай, мұнай өнімдерін, күнбағыс майын, сондай-ақ металлургия мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудің артуымен байланысты. Бұл шикізаттық бағыттың сақталғанын ғана емес, қосылған құны жоғары тауарлардың да көбейіп келе жатқанын білдіреді, — деді Асан Дарбаев Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының үшінші отырысында.

Асан Дарбаев Қазақстанның ТМҰ аясындағы өзара іс-қимылға ерекше мән беретінін жеткізді.

— Бүгінде түркі өңірі айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие және біздің ортақ міндетіміз — осы әлеуетті толық ашу. Осы тұрғыда Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының рөлі шешуші мәнге ие. Дәл осы бизнес-қоғамдастықтар арасындағы тікелей байланыс арқылы тұрақты серіктестіктер қалыптасып, бірлескен жобалар іске қосылады және экономикаларымыз үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады, — деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстан түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағына төрағалық етеді.

Соңғы жаңалықтар