Қазақстан тұтас аймақтың академиялық орталығына айналады – Ғылым министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Nazarbayev университетінде Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған ARC-2024 ғылыми-практикалық конференциясында ХХІ ғасырдағы университеттердің көшбасшылығы және ғылымды қолдау тақырыбы талқыланды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы университеттердің жергілікті деңгейде де, жаһандық деңгейде де трансформацияланып жатқанын айтты.
«Университеттердің бірінші миссиясы – оқыту, екіншісі – зерттеу мен ғылым және үшінші миссия – әлеуметтік миссия. Соңғы 50 жылда көптеген тұжырымдамалар пайда болды. Қазіргі уақытта академиялық орта мен бизнес бір-бірімен тығыз байланысты. Ал Қазақстанның университеттері жергілікті қоғамдастықтың даму орталықтарына айналуда, - деп атап өтті министр.
Министр үш жыл бұрын Көкшетау университеттерінің бірінде іске қосылған қарттарға арналған бағдарламаны мысалға келтірді.
«Бұл бағдарлама қоғамдастық үшін өте үлкен жетістік болды және таңқаларлық нәтижелерге қол жеткізілді. Егде жастағы адамдар оқыған ең танымал курстар арасында ағылшын тілі, Python тілінде бағдарламалау, деректер туралы ғылым, бағдарламалық жасақтама, веб-дизайн бар. Қазір бұл қарттар белсенді болып, қоғамға көбірек араласқысы келеді, бірнеше кеңес құрып, жергілікті билікке көмектесе бастады. Осылайша, олар зейнетке шыққан соң, үйде отырудың орнына жергілікті қоғамдастықтардың өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік алды», - деді С. Нұрбек.
Сондай-ақ, оның айтуынша, университеттер тек білім беру мен ғылыми орталықтар ғана емес, ел үшін экономикалық тірек болып отыр.
«Қазақстан қазір тұтас Орталық Азия аймағы үшін академиялық орталық ретінде өзін танытуға, белсенді ілгерілетуге тырысуда. Біздің аймақта екі миллиард адам тұрады. Бұл әлемдегі ең жас аймақтардың бірі, халықтың миллиардтан астамы – 25 жасқа дейінгі жастар. Сондықтан біз қазір көптеген университеттерді шақырып жатырмыз. Университет тек оқу немесе ғылыми зерттеулер жүргізу орны ғана емес, экономикалық тірек те болып отыр. Ол инвестиция әкеледі, адамдарды, жаңа студенттерді, таланттарды тартады. Бірнеше аптада әлемнің түкпір-түкпірінен 100 мыңға жуық студент жиналған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қарайық, олар Астанада қызмет көрсету саласында елеулі қаржы жұмсады. Енді Үкімет жаңа өлшем – экономикалық қызметті қосатынымыз туралы жаңа түсінікке ие болды», - деп атап өтті Ғылым министрі.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова жоғары білім беру саласындағы жаһандану үрдістері өңірлік университеттердің қызметін кеңейтіп, ұлттық, жаһандық деңгейде ықпалын күшейте түскенін атап өтті.
«Осыған дейін ұлттық немесе орталықтағы ірі жоғары оқу орындарымен салыстырып, өңірлік университеттердің мүмкіндігі мен миссиясына қатысты шектеулер жөнінде пікірлер болатын. Алайда, жоғары білім беру саласында жүріп жатқан жаһандық үрдістер бұдан былай университеттерді халықаралық, ұлттық, өңірлік деген деңгейлермен шектеуге келмейтінін көрсеткендей. Ақтөбе өңірінде орналасқан Жұбанов университетінің мысалында стратегиялық серіктесіміз ұлыбританиялық Хериот-Уотт унтверситетімен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істей бастағанда осыны түсіндік. Өңірлік оқу орындары серіктестерінің тәжірибесін зерттеп, стандарттарын енгізе отырып, халықаралық деңгейге ұмтылысы арқылы қоғамдағы бейнесін өзгертіп жатыр. Әрине, өңірлік университеттер ең алдымен өзі орналасқан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, мамандар дайындап, жергілікті өндіріс орындарының мәселелерін шешуге жұмыс істейді. Дегенмен, біз жаһандық мәселелерді өз аймағымыздың деңгейінде көтеріп, ұлттық жобарларды жүзеге асыру арқылы өңірлік деңгейден шығып, әлдеқайда ауқымды міндеттемелерді алып отырмыз. Осылайша, Батыс Қазақстан өңірімен ғана байланысты болып келген Жұбанов университеті, оның ішінде Хериот-Уотт кампусы бүгінде республиканың басқа да өңірлерінен талантты студенттерді қабылдап, ұлттық кадрларды даярлауға үлес қосып отыр», — деді Л.Қарабасова.