Қазақстан уранын сатып алатын елдердің қатары артуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының басшысы Мейіржан Юсупов «Самұрық-Қазына» қорының қоғамдық кеңес отырысында Қазақстан уранын сатып алатын елдердің қатары артуы мүмкін екенін айтты.

р
Фото: Казатомпром

- «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы 2024 жылдың қорытындысы бойынша табиғи уран өндіру және сату көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшы орнын сақтап отыр. Бізде 14 өндіруші кәсіпорын бар. Оның 12-сі «Камеко», «Орано», «Росатом», CGN, «Марубени», «Кансай» сияқты уран саласының әлемдік грандтары. Сатылым портфелін барынша теңгерімде ұстап, бір ғана сатып алушыға тәуелді болып қалмау үшін әртараптандыру қағидатын ұстана береміз. Қазір біз сататын өнімнің 50%-ы Азияға, 28%-ы Еуропаға 22%-ы Солтүстік және Оңтүстік Америкаға тиесілі, - деді Мейіржан Юсупов.

Сондай-ақ, ол былтыр «ҚазАтомӨнеркәсіп» тарихында алғаш рет Біріккен Араб Әмірліктерінің Barakah АЭС-іне уран жеткізгенін еске салды.

- Биыл сатылым портфеліне Чехия (CEZ Group) мен Швейцария (Axpo Group) қосылды. Азия бағытында Қытай мен Үндістаннан бөлек Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдер де Қазақстанның ұзақ мерзімде уран жеткізгеніне қызығушылық танытып отыр, - деді ұлттық атом компаниясының басшысы.

Сондай-ақ, ол «ҚазАтомӨнеркәсіп» Қазақстан АЭС-іне ядролық отын жеткізуші болуы керек деген ұстанымын айтты. 

Соңғы жаңалықтар