Қазақстан заңнамасында еріктілер қызметі алғаш рет қамтылып отыр - Т. Балықбаев
Еске сала кетейік, отырыста «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Вице-министрдің айтуынша, заң жобасында еріктілер қозғалысы арнайы бағытта қарастырылып отыр. Бұл ретте заң жобасымен еріктілер қызметінің ерікті, жеке және заңды тұлғалар мүддесіне бағытталған пайдалы қоғамдық іс екені айқындалып, көрсетіледі. «Бүгінгі күні еліміздегі еріктілер қозғалысы құбылыс ретінде елге белгілі. Олардың қызметі заң арқылы айқындала түседі. Яғни, біз алғаш рет «ҚР мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасына арнайы бап енгізу арқылы алғашқы қадамды жасап отырмыз. Сонымен қатар, заң жобасымен жастардың әртүрлі деңгейдегі басқару органдарына қатысу мүмкіндіктері де көзделуде», дейді Т. Балықбаев. Оның айтуынша, мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру және іске асыру тетіктері ретінде заң жобасымен консультативтік-кеңесші органдар қызметі, республикалық және өңірлік жастар форумдары, жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтер, жастардың ресурстық орталықтарының қызметтері анықталды. «Мұндай құрылымдардың жастар саясатын қалыптастыруға қатысуы жастар ұйымдарының қызметі, еріктілер қызметі, білім мекемелері мен еңбек ұжымдарындағы жастардың өзін-өзі басқару органдарына қатысуы арқылы анықталады», - деді вице-министр.
Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылады.