Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуда қандай шараларды атқарды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында елде атқарылған маңызды жұмыстарды атады.

— Бұл кеңес жасанды интеллект саласында мойындалған әлемдік көшбасшылар болып саналатын 16 халықаралық мүшені біріктіріп, өзінің ерекше сараптамалық деңгейімен ерекшеленеді. Бұл — әлемде теңдесі жоқ бірегей сарапшылар тобы. Жасанды интеллект Қазақстан үшін басым бағыт және біз үш негізгі салаға шоғырланамыз: институционалдық құрылымды қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және адами капиталды жетілдіру, — деді сала министрі.
Институционалдық құрылымымыздың негізі ретінде елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылған. Жасанды интеллект туралы заң жобасы әзірленіп, Парламентте қарауына жіберілді және ЖИ қолданудың құқықтық әрі этикалық негіздері айқындалды.
— Қазақстан озық технологиялық инфрақұрылымды дамытып келеді. Шілде айында біз Орталық Азиядағы ең ірі кластер «ALEM Cloud» ұлттық суперкомпьютер орталығын іске қостық. Тағы бір маңызды қадам — өңірдегі алғашқы ұлттық тілдік модельдер — KazLLM және AlemLLM-нің жасалуы. Биыл біз ұлттық ЖИ платформасын іске қостық, ол деректерді, есептеу ресурстарын және үлкен тілдік модельдерді қолжетімді етіп, бағдарламалау дағдыларынсыз ЖИ агенттерін жасауға мүмкіндік береді, — деді Ж. Мәдиев.
Сонымен бірге, ертең «ALEM AI» халықаралық орталығы жұмысын бастайды. Оның мақсаты — барлық салада шешімдер әзірлеу үшін сарапшыларды, жаңашылдарды және шешім қабылдаушыларды біріктіру. Институттар мен инфрақұрылымнан бөлек, Қазақстан адами капиталды дамытуға да айрықша көңіл бөлмек.
Айта кетейік, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес Президент Жарлығымен құрылған және ол — елдегі ЖИ дамытудың стратегиясын қалыптастыратын, технологияларды экономиканың негізгі салалары мен мемлекеттік басқаруға енгізуді сүйемелдейтін, сондай-ақ салалық бағдарламалар мен стратегиялық құжаттарға ұсыныстар әзірлейтін кеңесші-консультативтік орган.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырған еді.