Елімізде 10 мың адам ғана донор болуға келіскен – Трансплантология жай-күйі

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен 2024 жылы Қазақстанда 250 ағза трансплантациясы жасалды. Оның ішінде 227 операция  тірі донордан, ал 23 қайтыс болғаннан кейінгі донордан жүзеге асқан. Ал қазір елімізде 4148 науқас ағза күтіп отыр. Әсіресе ең қажетті ағзалар – бүйрек, ⁠бауыр, өкпе, ⁠жүрек, ⁠өкпе жүрек кешені болып отыр.

Қазақстанда 10 мың адам ғана донор болуға келіскен  – Трансплантология жай-күйі
Фото: видеодан алынған скрин

Жалпы, трансплантология бағдарламасы 2012 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде елімізде 2800-ден астам операция жасалған. Оның 2353-і (84%) – тірі донордан, ал 447-сі (16%) – қайтыс болғаннан кейінгі донордан алынған ағзалар.

Республикалық трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы басшысының орынбасары Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, елімізде трансплантация саласының инфрақұрылымы толық қалыптасқан. Қазір Қазақстанда 7 трансплантация орталығы, 40-тан астам донорлық стационар, тіндік және қан сәйкестігін анықтайтын зертханалар, медициналық авиация, заманауи құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек бар.

– Бізде донор мен реципиентті тіркейтін ақпараттық медициналық жүйе жұмыс істейді. Осылайша адам факторын жоюға тырысамыз. Мәйіттік донор табылғанда күту парақшасын бақылайтын ақпараттық жүйенің өзі кімге ота жасалатынын анықтайды, – деді Н.Жылгелдина.

Қазақстанда 10 мың адам ғана донор болуға келіскен  – Трансплантология жай-күйі
Фото: видеодан алынған скрин

Испания тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанда стационарлық, аймақтық және республикалық деңгейде трансплант-үйлестірушілер жұмыс істейді. Мысалы, ықтимал донор табылған жағдайда бұл туралы аймақтық және республикалық үйлестірушілерге хабар беріледі және донорлық процесс ұйымдастырылады.

– Біздегі донорлар саны әлі де төмен. Дамыған елдерде бір миллион адамға шаққанда 42-46 донор бар. Ал Иран, Қатар секілді мұсылман елдерде 1 миллион адамға 12 донордан, Беларусьте 1 миллионға 24 адамнан келеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 0,02. Испания мен АҚШ бұл деңгейге 30-40 жылда жеткенін айтады, ал біздің жұмыс 2012 жылы ғана басталды. Қазір бізде медициналық база бар, үш деңгейі үйлестіруші мен трансплантация орталығы бар. Бірақ қоғам дайын емес. Ағарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді сарапшы.

2020 жылдың қазан айында ЕGov порталында донорлыққа келісім беру немесе бас тарту қызметі іске қосылды. Мұнда да халықтың донор болуға келісімі өте аз.

– 2023 жылы eGov арқылы 30-40 мың адам тіркелсе, бүгінде 134 мың адам тіркеліп, дауыс берген. Алайда соның ішінде 10 мыңы ғана келісім берген, ал 122 мыңнан астамы қарсы екенін көрсеткен. Бұл еліміздегі 18-62 жас аралығындағы 10 миллион азаматтың небәрі 1,3 пайызы ғана. Біз өзімізге өзіміз көмектеспесек, ешкім сырттан донорлық ағза әкеліп бермейді, – дейді маман.

Бұл ретте туыстықтан гөрі, мәйіттік донорлар санын арттыру өте маңызды. Дамыған елдерде трансплантацияның 85 пайызы мәйіттік донорлар есебінен жасалады.

– Қазақстанда керісінше, 83 пайызы туыстық донорлар болып отыр. Демек бір науқасқа ағасы өз бүйрегін беруі мүмкін, ол сәйкес келмесе анасы да өз бүйрегін беруге келіседі. Ол да сәйкес келмесе, бір отбасында үш адам жалғыз бүйрекпен өмір сүруге мәжбүр болады. Ал мәйіттік донорлықта мұндай мәселелер болмайды, – деді Н.Жылгелдина.

СҚО-да донордың ағзалары бірнеше адамның өмірін сақтап қалды.

Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасында 1985 жылы туып, қаза тапқан донордан бірнеше ағза алынды. Отбасының келісімімен жүрек, бауыр және екі бүйрек трансплантацияға дайындалды.

Ал Павлодарда қайтыс болғаннан кейінгі донор екі адамның өмірін сақтап қалды.

Павлодар қаласындағы №1 қалалық ауруханада 44 жастағы тұрғынның қайтыс болғаннан кейінгі донор болуына байланысты көп ағзалық трансплантация отасы сәтті жүргізілді.

Бұл операция республикалық деңгейде үйлестіріліп, арнайы мамандардың қатысуымен өтті. Донордың жүрегі мен бүйректері екі түрлі пациентке ауыстырылып, олар өмірлік маңызды медициналық көмекті дер кезінде алды.

Соңғы жаңалықтар