Қазақстанда 45 жастағы шетелдікке халықаралық іздеу жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті 45 жастағы Уильямс Коулды (Williams Cole) мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша іздестіріп жатыр.

Уильямс Коул
Фото: qamqor.gov.kz

21 қарашада Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында ер адамға қатысты іздеу туралы ақпарат жарияланды.

Іздеу ісі Түркістан облысында тіркелген. ҰҚК бастамасымен іздестіру жұмыстарын Сарыағаш аудандық полиция бөлімі жүргізіп жатыр.

Әңгіме ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы туралы болып отыр. Оның бірінші бөлігі бойынша мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін 2 мың АЕК-ке дейін (2026 жылы 8,65 млн теңге) айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазақстанда 45 жастағы шетелдікке халықаралық іздеу жарияланды
Фото: Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталы

Іздеу парағындағы мәліметке қарағанда, Коул 1981 жылғы 13 наурызда туған. Оның қай елдің азаматы екені нақтыланбаған. Істің мән-жайы әзірше жарияланған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін «Қызыл-Жар» футбол клубының экс-президентіне мемлекетаралық іздеу жарияланғанын хабарлағанбыз.