Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі

кәсіпкерлер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Астанада Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы құрылтайы басталды. Форумға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген қонақтар және әлеуметтік кәсіпкерлер қатысты. Бұл ретте Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылдаған алғашқы мемлекет. Бүгінгі жиында осы бағыттың жай-жапсары толық талқыланды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы арнайы заң бар

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев форумның ашылуында көршілес елдерден арнайы келген депутаттарға алғысын білдірді. 

кәсіпкерлер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Бұл форум Орталық Азияның әлеуметтік кәсіпкерлерінің жемісті ынтымақтастығы үшін тұрақты алаң болады деп үміттенеміз. Парламент Сенаты бұл бастамаға қажетті қолдау көрсетуге және өңірлік әлеуметтік бастамаларды іске асыруға жәрдемдесуге дайын. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың маңызды әріптестері болып отыр. Олар экономиканың дамуына және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге елеулі үлес қосуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірленіп, қабылданды. Онда әлеуметтік саланы мемлекеттік қолдаудың құқықтық негіздері мен тетіктері айқындалған. Еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлер салық жеңілдіктеріне, жеңілдетілген несиелеуге, ғимаратты жалға алуға және басқа да қолдау шараларына құқылы. Биыл әлеуметтік кодексті қабылдау кезінде біз осы маңызды бағыттың даму міндеттерін де ескердік», - деді Сенат төрағасы.

Сенат спикері депутаттар мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және олардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өтті. 

«Қазіргі уақытта Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне 200-ден астам кәсіпорын енгізілген және Қазақстанның көптеген әлеуметтік кәсіпкерлері бүгінгі құрылтайға келді. Сондай-ақ еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті әлдеқайда жоғары екеніне сенімдімін. Әрине, бұл үшін әлі де көп нәрсе істеу керек, соның ішінде заңдарды жетілдіре түсу қажет», - дейді М.Әшімбаев.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің экономика құбылысы ретінде дами бастағанына 50 жыл болды. Әсіресе АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Израиль әлеуметтік кәсіпкерлік саласында көш бастап тұр. Бұл әлеуметтік мәселелерді жеңілдету арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. 

кәсіпкерлер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі болудың 4 санаты анықталған. Біріншісі – әлеуметтік осал топтағы (мүгедектігі бар жандар, мүгедектігі бар баланың ата-анасы, зейнеткерлер, балалар үйінің түлектері, тұрғылықты жері жоқтар, абақтыдан шыққандар, толық емес және көпбалалы отбасыдан шыққан әйелдер, қандастар) халықты жұмыспен қамту. Екіншісі – халықтың әлеуметтік осал тобы өндіретін тауарлар мен қызметтер болса, үшіншісі – Мүгедектігі бар жандардың шектеулерін алу үшін, халықтың әлеуметтік осал тобы үшін тауар өндіру немесе қызмет көрсету. Соңғы, төртінші санат – тұтас қоғамға пайдалы мақсаттарға қол жеткізу үшін қызмет ету. 

кәсіпкерлік
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Өңірлерде әлеуметтік кәсіпкерлік баяу дамиды

Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Әскеровтың айтуынша, статистика бойынша 260 әлеуметтік кәсіпкер тіркелгенімен, бейресми деректерде олардың саны 15 мыңнан асады. Орталық Азияның басқа елдерінде әлеуметтік кәсіпкерлік туралы арнайы заң жоқ. 

кәсіпкерлер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Біздің міндетіміз – өз тәжірибемізді бөлісу болғандықтан, құрылтай ұйымдастырып отырмыз. Әлеуметтік кәсіпкерлерге төмен пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Келесі жылдан бастап Ұлттық экономика министрлігі гранттар бере бастайды. Заң бойынша бізде әртүрлі артықшылықтар бар, бірақ олар жұмыс істемейді. Салық жеңілдіктері тек қоғамдық бірлестіктер мен мүгедектерге берілетін, қазір әлеуметтік кәсіпкерлер үшін де салық бойынша преференциялар пысықталуда. Ұлттық экономика министрлігі келесі жылы бәрін іске қосады деп үміттенеміз. Заң жобасы аясында бізде 9 артықшылық бар. Преференциялар бойынша Астана көш бастап тұр, керісінше Қызылорда, Түркістан облысы, тіпті оңтүстік астана да артта қалып отыр. Ең алдымен, мұнда жергілікті атқарушы органдар өте үлкен рөл атқарады. Егер қолдау мен түсіністік болмаса, әлеуметтік кәсіпкерлік бағыты өте нашар дамиды. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде көптеген әлеуметтік кәсіпкерлер қолдау сезінбей отыр», - дейді Э.Әскеров.

Әлеуметтік кәсіпкерлікке қандай қолдау көрсетіледі?

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, Үкімет әлеуметтік кәсіпкерлікке қажетті ауқымды мемлекеттік қолдау шараларын қабылдап жатыр. Әлеуметтік кәсіпкерліктің экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында қаржылай және басқа да қолдау шаралары ұсынылуда. 

кәсіпкерлер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енген кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге өтінім бере алады. Мұнда инвестициялық мақсаттар үшін 1,5 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатын толтыру үшін 500 млн теңгеге дейін 7 пайыздың ставкамен қаражат беріледі. Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлерге 7 пайызбен микронесие беріледі, мұнда инвестициялық мақсаттар үшін 20 млн теңгеге дейін, айналым қаражатын толтыру үшін 5 млн теңгеге дейін алуға болады», - деді вице-министр.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту туралы ұлттық жоба аясында 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грант беруде әлеуметтік кәсіпкерлерге басымдық беріледі. Одан бөлек, қаражатсыз қолдау шаралары шеңберінде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне кәсіпкерлік жүргізуде сервистік қолдау көрсетіледі, ақпараттық-талдамалық тұрғыда қамтамасыз етіліп, бизнесті тиімді жүргізу бойынша сабақ үйретіледі.

Осылайша, Үкімет қысқа уақыт аралығында әлеуметтік қәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік шараларының ең аз жиынтығын қалыптастырды. Объективті түрде әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына серпін беру үшін мемлекеттік құрылымдардың күш-жігері ғана емес, азаматтық сектордың белсенді қатысуы талап етіледі. 

кәсіпкерлер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Сонымен бірге, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына жәрдем көрсету үшін жаңа бизнес ашудың қажеті жоқ.

«Қолда бар бизнес түрлеріне жәрдем көрсеткен жөн. Өз өңіріңіздегі әлеуметтік бизнес өнімдерін таңдап, әлеуметтік желі мен дос-жарандар арасында ақпараттық қолдау көрсете аласыз. Волонтер ретінде әлеуметтік кәсіпке өз салаңыз бойынша жәрдем ұсынып, ақыл-кеңес бере аласыз», - деп жазылған форум ұйымдастырушыларының жадынамасында.

кәсіпкерлік
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Соңғы жаңалықтар