Қазақстанда ана мен баланы қолдау қалай жүзеге асып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ана мен баланы қолдау — қоғам болашағына әсер ететін маңызды бағыт. Қазақстанда салаға ерекше көңіл бөлініп, түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Kazinform тілшісі негізгі қолдау тетіктеріне шолу жасады.
Отбасы институтын қолдау — басты бағыт
Елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының жүзеге асуы тұрақты бақылауда. Құжат отбасы институтын нығайтуға және халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған. Оның ішінде ана мен баланы қолдау басты орынға қойылған.
Халықты әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағанбетовтің айтуынша, балалы отбасыларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туу көрсеткішін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда қорғауға бағытталған.
— Мәселен, бала күтіміне байланысты табыстан айырылу немесе асыраушысынан айырылу сияқты жағдайларда мемлекет қолдау көрсетеді, — деді спикер.
Декреттік демалыс пен әлеуметтік төлемдер
Биылдан бастап декреттік демалысқа шығу тәртібі мен әлеуметтік төлемдерге қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енді. Мемлекет қолдау тетіктерін қайта қарап, жәрдемақы көлемін арттырып, төлемдерді есептеу тәртібін нақтылады.
— Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әйелдерге жалпы 126 күнтізбелік күн демалыс қарастырылған. Оның 70 күні босануға дейін, ал 56 күні босанғаннан кейінгі кезеңге беріледі, — дейді Асқар Аймағанбетов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, өткен жылы бала туған кездегі біржолғы жәрдемақыны 338 мың адам алған. Бұл мақсатқа 61,1 млрд теңге жұмсалған.
Мемлекеттік қолдау жүйесі біржолғы жәрдемақымен ғана шектелмейді. Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға (немесе жаңа туған баланы асырап алуға) байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа және декреттік демалыс күндерінің санына байланысты есептеледі.
Экономист Бауыржан Ысқақов төлемді есептеу тәртібін мысалмен түсіндірді.
— Әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық жалақысы 300 мың теңге болды делік. Оны коэффициентке көбейтеміз. 300 000 × 4,2 = 1 260 000 теңге шығады. Одан 10 пайыз шегеріледі. Нәтижесінде шамамен 1 134 000 теңге декреттік төлем төленеді. Бұл сомаға міндетті әлеуметтік аударымдар уақытында жасалған болуы керек. Бұған қоса берілетін біржолғы жәрдемақы бар.
Жалпы, декреттік демалыс мерзімі — 126 күн. Егер босану ауыр өтіп, медициналық көрсеткіштерге байланысты демалыс 140 күнге дейін ұзартылса немесе егіз, үшем дүниеге келсе, төлем қайта қаралады, — деді экономист.

Сонымен қатар жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы әлеуметтік төлем беріледі. Ол бала туған күннен бастап тағайындалып, анасының әлеуметтік аударымдарына қарай есептеледі.
Декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралған аналарға еңбек заңнамасы бойынша бірқатар жеңілдік қарастырылған. Мәселен, баласы бар аналар қысқартылған жұмыс күніне және ақылы үзілістерге құқылы.
Егер әйел декреттік демалыстан белгіленген мерзімнен бұрын жұмысқа шықса және баласы әлі бір жарым жасқа толмаса, ол толық емес жұмыс күні тәртібінде еңбек ете алады. Мұндай мүмкіндік Еңбек кодексінде қарастырылған.
Ал жұмыс істемейтін әйелдерге бала 1,5 жасқа толғанға дейін мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері отбасындағы бала санына байланысты белгіленеді.

Көпбалалы аналарға қандай қолдау бар?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар айында мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 875,2 мың адам қамтылып, 56,5 млрд теңге төленген. Оның ішінде 627,4 мың көпбалалы отбасыға 49,2 млрд теңге жәрдемақы берілсе, марапатталған аналарға арналған төлемдерді 247,8 мың адам алып, оған 7,3 млрд теңге жұмсалған.
Биылдан бастап жәрдемақы көлемі ұлғайтылды.
— Жәрдемақы мөлшері отбасыдағы балалардың санына және марапат мәртебесіне байланысты белгіленеді. Мәселен, төрт балаға — 69 200 теңге, бес балаға — 86 500 теңге, ал жеті балаға — 121 100 теңге төленеді, — деді Асқар Аймағанбетов.

Сонымен қатар «Алтын алқа», «Күміс алқа» және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға арнайы жәрдемақы қарастырылған. Оның мөлшері 27 680–32 005 теңге аралығында белгіленген.
— Бұл шаралар отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған, — деп толықтырды департамент басшысы.
Қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, әлеуметтік жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары кез келген елдің экономикасына белгілі бір деңгейде салмақ түсіреді. Дегенмен мұндай қолдаудың жалғасуы «мемлекет халық үшін» формуласының нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
— 2024-2026 жылдарға арналған үш жылдық бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Мұның барлығы Президенттің сайлауалды берген уәдесіне сай болып жатқан заңды үрдіс, — деді спикер.
Болашаққа бағытталған инвестиция
Қазақстан халқының саны 20,4 миллионнан асты. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында елде 161,2 мың нәресте дүниеге келген. Мұндай демографиялық көрсеткіш ана мен балаға бағытталған әлеуметтік саясаттың маңызын арттыра түспек.
Сондықтан елімізде балалардың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақмерзімді бастамалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі — 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жариялаған «Ұлттық қор — балаларға» жобасы. Оның мәні — Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аудару.
— Бастама әрбір баланың болашағы үшін қаржылық база құруға бағытталған. Ол әлеуметтік теңдік қалыптастырады. Ең бастысы, бастама ұлттық байлықты ұрпаққа бөлу механизмімен ерекшеленеді, — деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Жоба аясында әр балаға жиналатын қаражат көлемі де белгілі бір деңгейде болжанып отыр.
— Бала шотына 18 жасқа дейін кем дегенде 3000 доллар жиналады деп ойлаймын. Ол баланың қажеттілігін өтеуге үлкен көмек болады. Сонымен қатар шотта ары қарай да ақша жинай беруге болады, яғни жалпы бағыт дұрыс. Келешекте доллардың бағасы қалай өзгерері белгісіз, бірақ қымбаттаса, жинақ табысы да артатыны анық, — деді қаржыгер.
Бағдарлама ресми түрде 2024 жылдың 1 қаңтарында іске қосылды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, биыл жоба аясында 18 жасқа толмаған әр баланың шотына 130,71 АҚШ доллары аударылды. Ол 2025 жылғы инвестициялық табыс негізінде есептеліп, 2026 жылдың 1 ақпанына дейін БЖЗҚ-ға түсті.

Бағдарламаның үш жылдық жиынтық сомасы бір балаға шамамен 360 доллардан (181 мың теңгеден астам) асты. Оны 2008-2025 жылдар аралығында туған және 2025 жылдың 31 желтоқсанында 18 жасқа толмаған Қазақстан азаматтары алды.
«Келешек» жүйесінің маңызы неде?
Балалардың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған бастамалардың тағы бірі — «Келешек» жүйесі. Бағдарламаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қол қойған. Жоба баласының Қазақстанда немесе шетелде білім алуына алдын ала қаржы жинағысы келетін ата-аналарға арналған.
Қаржы сарапшыларының айтуынша, бағдарлама аясында арнайы есепшот ашылып, оған қаржы бірнеше көзден түседі.
— «Келешек» есепшотына ата-ананың бір жылда құятын қаржысы 24 АЕК-тен (шамамен 95 мың теңге) төмен болмау керек. Яғни айына кемінде 8 мың теңге салып отыруға болады. Шотқа қаржыны бірден аударуға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар есепшоттағы қаражатқа жыл сайын 5% (әлеуметтік осал топтарға 7%) мемлекеттік сыйақы есептеледі. Бұдан бөлек, банктер мен сақтандыру компанияларының инвестициялық табысы да қосылады. Жүйе арқылы жиналған қаржыны кейін «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасымен түскен қаражатпен біріктіруге болады. Бұл — бағдарламаның тиімді тұсы, — дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, мемлекеттің 235 мың теңге көлеміндегі білім капиталы тек 5 жасқа толған балалардың есепшоттарына аударылады. Егер бала 5 жасқа толмаған болса, ол бес жасқа келген кезде беріледі. Ал 5 жастан асқан балалар үшін мұндай бастапқы төлем қарастырылмайды.
Сонымен қатар есепшотқа тұрақты түрде қаржы салып отыру маңызды. Егер ата-ана «Келешек» жүйесі арқылы есепшот ашқанымен, кейін оған қаражат аудармаса, мемлекет берген 60 АЕК көлеміндегі бастапқы капитал бюджетке қайтарылады.
Бағдарлама балалардың болашағын жоспарлауға да қосымша мүмкіндік береді. Бала мектеп бітіргеннен кейін жинақталған қаражатты жоғары оқу орнына төлеуге пайдалануға болады. Егер талапкер грантқа түссе, қаражатты басқа баланың есепшотына аударуға, қосымша білім алуға, тұрғын үй сатып алу немесе жөндеуге жұмсауға, сондай-ақ жинақты әрі қарай көбейтуге мүмкіндік бар. Осылайша, жүйе ата-аналарға балалардың білім алуын ғана емес, олардың болашақтағы негізгі қажеттіліктерін алдын ала жоспарлауға жағдай жасайды.

Жалпы, мұндай бастамалар мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Бұл қағидалар жаңа Конституция жобасында да айқын көрініс тапқан. Құжат Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі бағытын одан әрі нығайтуға бағытталады.
Сондықтан әлеуметтік кепілдіктер тек қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты бағдарламалар мен шешімдер арқылы жүзеге асуы тиіс. Ана мен баланы қолдау, білімге инвестиция салу және жас ұрпақтың болашағын қамтамасыз етуге арналған жобалар — әлеуметтік мемлекеттің іс жүзіндегі көрінісі.