Қазақстанда ана өлім-жітімі азайды
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 30 жылда Қазақстанда ана өлімі көрсеткіші ең төмен деңгейге жетті. Бұл туралы ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова айтып берді.

Оның айтуынша, әлемде ана мен бала өлімінің деңгейі аналар мен балаларға медициналық көмекті бағалаудың негізгі көрсеткіші болып саналады. 1990-2015 жылдары Қазақстан мыңжылдықтың даму мақсаттарына қол жеткізді.
Ал 2015-2024 жылдары — БҰҰ Қазақстанның ана, бала, неонаталдық өлім-жітімді төмендету жөніндегі орнықты даму мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді деп таныған.
— Қазақстанда соңғы үш жылда халық саны 3,1 млн адамға өскен. Бүгінде бізде 20 миллионнан астам адам бар, оның ішінде 4,8 млн-ы — бала туатын жастағы әйелдер. 10 жыл ішінде балалар саны 5 млн-нан 6,8 млн-ға дейін 34%-ға өсті. Шамамен еліміздің әрбір үшінші азаматы — бала. Жыл сайын 360 мыңға жуық жүкті әйел тіркеледі, 370 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді, — деді спикер.
Спикер жүкті әйелдердің 99%-ы босануға дейінгі бақылаумен және консультациялармен қамтылған. Пренатальды скрининг 90% жүргізіледі және соңғы жылдары 8%-ға өскен.
Өткен жылы елімізде алғаш рет ұрық медицинасы жобасы іске қосылды: 55 ұрыққа жатырішілік операция жасалды, 86 болашақ нәрестенің өмірі сақталды. Сондай-ақ, биыл оқуын аяқтаған интерн-балалар дәрігерлері үш есеге артты.
— Жаңадан ашылған 14 балалар бағыты бойынша резидент-дәрігерлерді даярлау жоспарланған, олардың ішінде балалар кардиологиясы, аллергология, иммунология, неврология және басқа бағыттар бар. Министрлік педиатриялық бөлімшелерді ұйымдастыру арқылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейіндегі балаларға барлық медициналық қызметтерді көрсетуді біріктіру туралы шешім қабылдады, — деді Мағрипа Ембергенова.
Айта кетейік, Қазақстанда ел халқының денсаулық жағдайы туралы статистикалық жинақ жарық көреді.