Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде, жергілікті атқару органдарында және спорт саласында бірқатар маңызды кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform 30 наурыз бен 5 сәуір аралығындағы маңызды тағайындауларға шолу ұсынады.

тағайындау, шенеунік
Фото: GOV.KZ

Бұл аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімдерімен Қарулы Күштерде бірқатар кадрлық тағайындаулар жүргізілді.

Махсут Курманалиевич Гусейнов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Осыған дейін атқарған лауазымынан босатылды.

Сондай-ақ Бағлан Әбдіжәлелұлы Өсербаев «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

Бұдан бөлек, Мейіржан Байғонысов Президент Әкімшілігі инвестиция бөлімінің меңгерушісі болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып Бақтияр Базарбайұлы Жазықпаев тағайындалды.

Б. Жазықпаев 1988 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Шымкент университетін бітірген. Еңбек жолын 2007 жылы Статистика агенттігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» РМК маманы болып бастаған. 2010 жылдан 2014 жылға дейін жеке құрылымдарда жұмыс істеген. 2014–2018 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымында бөлім бастығынан басқарма басшысына дейін әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

2018–2023 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ» Деректерді талдау және өңдеу департаментінің директоры; 2023–2024 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және ірі деректерді талдау департаментінің директоры; 2024–2025 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры болған.

2025 жылғы ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті.

Сонымен бірге, Ибрахим Жанлыел Air Astana тобының бас атқарушы директоры (CEO) қызметіне ресми түрде кірісті.

Компания мәліметінше, Ибрахим Жанлыел әуекомпанияда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірибелі басқарушы. Ол 2017 жылдан бері қаржы жөніндегі директор қызметін атқарып келді. Бұған дейінгі 14 жыл ішінде компанияның стратегиялық және қаржылық дамуына елеулі үлес қосқан басқарушылар құрамында болды.

Сондай-ақ 2024 жылы Air Astana тобының үш қор биржасында тіркелуіне қатысып, компанияның халықаралық нарыққа шығуына үлес қосты.

Жаңа қызметінде Ибрахим Жанлыел операциялық орнықтылықты нығайтуға, тұрақты өсімді қамтамасыз етуге және Air Astana мен FlyArystan аясындағы екі брендті дамыту стратегиясын ілгерілетуге басымдық бермек.

Өңірлер бойынша, Абай облысы Бесқарағай ауданының әкімі болып Ділдар Қалихан сайланды.

Ділдар Қалихан 1985 жылы 17 қыркүйекте Шығыс қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Коробиха ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Алматы Экономика және статистика академиясын «менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы «Дамир» шаруа қожалығының басшысы қызметінде бастаған. 2007-2012 жылдары «Үшбұлақ» ЖШС директоры болып жұмыс істеді. 2012 жылдан бастап ШҚО ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің бас маманы, кейін ШҚО әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарды. 2014-2017 жылдары аралығында Зайсан және Катонқарағай аудандары әкімдерінің орынбасары лауазымында еңбек етті. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының әкімі, Абай облысы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Осыған дейін Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Ал Шығыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасының басшысы болып Ерболат Ошақбаев тағайындалды.

Ерболат Құмарқанұлы 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында туған. Екі жоғарғы білімі бар. Еңбек жолын 1996 жылы білім және мәдениет саласында бастаған. 2008-2012 жылдары ШҚО Ішкі саясат департаментінде мемлекеттік емес ұйымдармен және жастармен жұмыс бөлімінде түрлі лауазымдарды атқарды. 2012-2015 жылдары ШҚО Жастар саясаты жөніндегі басқармада жетекші маман болып еңбек етті. 2015-2019 жылдары Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болды.

2019 жылы ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы болып тағайындалған. 2024 жылдың ақпан айынан осы уақытқа дейін Риддер қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Алматы облысында Балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы қызметіне Дәулет Шайтұрсын тағайындалды. Бұл басқарма осы жылдың 11 наурызында Мемлекет басшысының балаларды қорғау жүйесін күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес құрылды.

Дәулет Шайтұрсын 1988 жылы туған, білімі – жоғары. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы, Тұран университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы «ҚызылордаОтын» ЖШС директорының көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары «АБК-Құрылыс» ЖШС директорының бірінші орынбасары, директоры, Қызылорда облыстық филармониясының бас әкімшісі, облыс әкімі аппаратының инспекторы, «Байқоңыр» ӘКК» ҚБ» АҚ ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бастығы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің маманы, Алматы қаласы әкімі аппаратының бас маманы, бас инспекторы, Жетісу ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Өткен жылдың наурызына дейін Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымдарында, кейін Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының өңірлік инспекторы болып еңбек етті.

Сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына Еркебұлан Дауылбаев тағайындалды.

Еркебұлан Дауылбаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей кеден академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің инспекторы лауазымынан бастады. 2010-2011 жылдары ОҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы, лицензиялау бөлімінің басшысы, 2011-2012 жылдары ОҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды. 2012-2014 жылдары ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2013-2014 жылдары ОҚО құрылыс басқармасының басшысы болды.

2016-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, 2018 жылы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, 2018-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында еңбек етті. 2020-2021 жылдары ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары, 2021 жылғы тамыздан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2022-2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және 2023-2024 жылдары Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болған. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қазірге дейін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді.

«Ақтөбе» футбол командасы словакиялық маман Штефан Тарковичпен бапкерлік жөніндегі келісімшартқа қол қойды.

Штефан Таркович 1973 жылы 18 ақпанда дүниеге келген. 1996 жылдан бастап словакиялық бірқатар клубта өнер көрсетті. Бапкер ретінде Словакия, БАӘ клубтарында еңбек етсе, 2023-2024 жылдары Қырғызстан құрамасын жаттықтырды.

Айта кетейік, «Ақтөбе» командасы биылғы біріншілікті сәтсіз бастады. Алғашқы үш турда бір мәрте жеңіске жетіп, қалған кездесулерде қарсыластарына есе жіберді. Қазір турнир кестесінде 3 ұпаймен 10-орында тұр. Осы жағдайға байланысты болгариялық маман Николай Костов қызметінен кетті.

Соңғы жаңалықтар