Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада еліміздің орталық және өңірлік деңгейінде бірқатар маңызды кадрлық тағайындаулар жасалды. Мемлекеттік басқару жүйесі мен құқық қорғау құрылымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарда жаңа басшылар қызметке келді. 

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Аптаның алғашқы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды.

Айта кетейік, Жаслан Хасенұлы еңбек жолын 2007 жылы Лондон қаласындағы «Morgan Stanley» инвестициялық банкінде бағалы қағаздар және облигациялар саудасы департаментінің жетекші трейдері ретінде бастаған. Кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығында сарапшы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Қазынашылық департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

Сонымен қатар «Kazyna Capital Management» АҚ мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды.

Ұлттық банкте Монетарлық операциялар және активтерді басқару жөніндегі директордың орынбасары, Премьер-Министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарды.
2020–2022 жылдары Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары, 2022 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі болды.

2022–2024 жылдары Binance Kazakhstan бас менеджері қызметін атқарды. 

2024 жылғы 6 мамырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалған еді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды

Жұлдыз Сүлейменова еңбек жолын 2004 жылы Алматы Экономика және статистика академиясының Ақтөбе институтында оқытушы болып бастап, Жастармен іс жөніндегі комитетінің төрайымы қызметін атқарды.

2006 жылы «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалында консультант, кейін «Жас Отан» жастар қанаты республикалық кеңесі төрағасының орынбасары болды.

2007–2008 жылдары Алматы қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы № 159 гимназияда тарих және құқық пәнінің мұғалімі болып еңбек етті.
2008–2011 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жетекші маман, проректордың орынбасары және Жастар әкімшілігінің төрағасы болды.
2011–2012 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ғылыми хатшы қызметін атқарды.
2012–2019 жылдары Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаментінде аға менеджер, директордың орынбасары және директор лауазымдарында жұмыс істеді.
2019–2021 жылдары Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін басқарды.
2021–2023 жылдары VII сайланған Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды.
2023 жылдан бастап VIII сайланған Мәжіліс депутаты ретінде қызметін жалғастырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Жандос Өмірәлиев Қазақстан Республикасының Бас прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды

Жандос Жәнібекұлы 1978 жылы туған. 2000 жылы аудан прокурорының көмекшісі болып еңбек жолын бастаған.
2010–2011 жылдары Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі әрі заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің хатшысы болды.
2011–2017 жылдары Алматы қаласы прокурорының орынбасары, 2017–2018 жылдары Бас прокуратураның кадрларды дамыту басқармасының бастығы қызметін атқарды.
2018–2022 жылдары Батыс Қазақстан облысының прокуроры, 2022 жылғы 8 маусымнан бастап Бас прокурордың орынбасары болды.
Осы аптадағы шешіммен ол Бас прокурордың бірінші орынбасары лауазымына бекітілді.

Сонымен қатар Президенттің келісімімен прокуратура жүйесінде де бірқатар өңірлік тағайындаулар жүзеге асты

Батыс Қазақстан облысының прокуроры болып аға әділет кеңесшісі Нұрбек Ұласбекұлы, ал Маңғыстау облысының прокуроры болып аға әділет кеңесшісі Серікқали Құшалиев тағайындалды.

Сонымен қатар бірқатар прокурорлар ротация тәртібімен жаңа қызметтерге келді.

Атап айтқанда, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры — Нұрғалым Әбдіров, Бас көлік прокуроры — Берік Жүйріктаев,
Атырау облысының прокуроры — Мадияр Басшыбаев, Жамбыл облысының прокуроры — Берік Әбілов,
Жетісу облысының прокуроры — Бауыржан Жұмақанов, Қостанай облысының прокуроры — Марат Сексембаев,
Павлодар облысының прокуроры — Алмат Байшолақов, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры — Тимур Сүлейменов болып бекітілді.

Мемлекет басшысының өкімімен Ернар Лазар Президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды

Энергетика саласында да жаңа кадрлық тағайындау жасалды. Қайырхан Тұтқышбаев Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі қызметіне келді

1991 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2009 жылы еңбек жолын «Орталық Азия тау-кен одағы» қоғамдық бірлестігінде бастаған.
2011–2014 жылдары «Degdar Engineering» ЖШС-де тау-кен жұмысы мен жабдығын жобалау бөлімінің инженері болды.
Әр жылдары Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаментінде бас сарапшы, басқарма басшысы және директор қызметтерін атқарды.
2022–2023 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары, 2023–2024 жылдары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары болды.

2024 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында сирек және сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау және дамыту жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарды.

Соңғы уақытта «Graphite Minerals» ЖШС бас директоры болған.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы тағайындалды. Ол әлеуметтік сала, халықты жұмыспен қамту және денсаулық сақтау бағыттарына жетекшілік етеді

1980 жылы туған. «Қайнар» университетін және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
2001 жылы еңбек жолын «Астанаэнергосервис» акционерлік қоғамында абоненттік учаскенің бақылаушысы болып бастаған. Кейін Әділет министрлігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеп, Зияткерлік меншік комитетінің төрағасы болды.
Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор және бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2023 жылдың сәуірінен бастап Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары болған.

Сұлтанғали Кенжеқұлов «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Сұлтанғали Кенжеқұлов 1982 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, РФ СІМ Дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Халықаралық қатынастар саласының маманы.

Еңбек жолын 2003 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы болып бастаған.

2006–2016 жылдары — ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің атташесі, ҚР Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің атташесі, үшінші, екінші, бірінші хатшысы, ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы.

2016–2017 жылдары — ҚР Инвестициялар және даму министрінің инвестиция жөніндегі арнаулы кеңесшісі.

2017–2019 жылдары — «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Қытай Халық Республикасындағы өкілі.

2019–2023 жылдары — ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің басқарма басшысы, ҚР Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің сауда-экономикалық және инвестициялық мәселелер бойынша кеңесшісі.

2023 жылдан осы уақытқа дейін ҚР СІМ Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Абай облысы әкімінің орынбасары болып Думан Оспанов тағайындалды
1979 жылы Абай облысы Мақаншы ауылында туған.
2000 жылы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетті «Қаржыгер-экономист» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы «Наурыз банк Қазақстан» акционерлік қоғамында бастаған. Кейін банк және қаржы секторында, соның ішінде «Астана-Финанс» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ құрылымдарында қызмет атқарған.
2022 жылдан бері «ҚазАгроФинанс» АҚ басқарушы директоры болды.

Алматы қаласын дамыту орталығының басшысы болып Руслан Берденов тағайындалды
Ол 2023 жылдың наурызынан 2025 жылдың ақпанына дейін Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі қызметін атқарды.
Биыл ақпан-тамыз айлары аралығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды.

Қызылорда облысы Қазалы ауданында әкім сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Алмасбек Есмаханов аудан әкімі болып сайланды. Ол 1982 жылы туған, Қызылорда облысы Қызылорда қаласында тұрады.

Айта кетейік, өткен аптада да бірқатар маңызды саяси кадрлық ауыс-түйістер орын алған болатын. Аталған өзгерістерге орай Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай соңғы кадрлық тағайындауларға қатысты түсініктеме берген еді

Соңғы жаңалықтар