Қазақстанда ата-аналық міндеттерін орындамайтын 11 мыңнан астам отбасы бар

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асет Оспанов жайсыз отбасыларға қатысты сұрақтарға жауап берді. 

Қазақстанда ата-аналық міндеттерін орындамайтын 11 мыңнан астам отбасы бар
Фото: Polisia.kz

– Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының есебінде ата-аналық міндеттерін орындамайтын 11 мыңнан астам ата-ана тұр. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен бір деңгейде, айтарлықтай өсу немесе төмендеу байқалмайды, - деді ол.

Журналистер жайсыз отбасы мәртебесін анықтаудың қандай критерийлері бар екенін сұрады.

– Мұндай жағдайларды айқындау үшін заңнамада бірқатар критерийлер белгіленген. Атап айтқанда, алкогольдік ішімдіктерді теріс пайдалану, баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау, сондай-ақ баланың тұрып жатқан жерінде оның оқуына және дамуына қажетті жағдайдың жасалмауы ата-аналарды ішкі істер органдарының есебіне қоюға негіз болады, - деді басқарма бастығы.

Сонымен қатар ол кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар жергілікті атқарушы органдар жанында құрылатынын атап өтті. Олардың құрамына әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту, денсаулық сақтау органдарының өкілдері, полиция және прокуратура қызметкерлері кіреді. Комиссиялар отбасылардың жағдайын кешенді түрде қарап, өзара үйлесімді жұмыс жүргізеді.

Айта кетейік, Конституция жобасында отбасы, неке, ата-ана мен баланы қорғау мәселелері бұрынғыдай мемлекеттің ерекше қамқорлығында қалады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум