Қазақстанда автокөлік иелеріне арналған кезекті Халыққа қызмет көрсететін мамандырылған орталық ашылды

«Ақтау қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО орталық мекенжайында автокөліктерді тіркейтін және жүргізуші куәліктерін рәсімдейтін операциялық зал, емтихан сыныбы, дайын құжаттарды беретін сектор, жол полициясы қызметкерлерінің кабинеті, сонымен бірге көлік құралдары мен жүргізуші куәліктерін әзірлейтін бөлмелер орналасқан», - делінген ҚР ККМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сондай-ақ, кешен аумағында бір мезгілде 5 автомобильге арналған агрегаттарды салыстыратын пункт, ауданы 1,2 га автодром орналасқан. Кейінгісінде бір мезгілде 6 жеңіл және 1 жүк автомобилі емтихан тапсыра алады. Сонымен қатар, мамандандырылған ХҚКО-ға келушілерге арналып 230 жеңіл автомобиль және 18 жүк автомашинасына есептелген ақысыз автотұрақ салынған.
Мамандандырылған ХҚКО-ның күту залында келушілерге өзіне-өзі қызмет көрсетуге болатын бұрыш орналасқан. Онда кез келген тұтынушы «электрондық үкімет» қызметімен пайдалана алады.
Бизнес-үдерістерді автоматтандыру, мемлекеттік органдардың деректер базасы мен ақпараттық жүйелерін интеграциялау және бір кешенде аталған қызметтерді алуға қажетті барлық кезеңдерді біріктіру нәтижесінде оларды көрсету уақыты едәуір қысқаратын болды.
Айталық, теориялық және тәжірибелік емтихандарды сәтті тапсырған жағдайда жүргізуші куәлігін әрі кетсе 2 сағатта, ал көлік құралын тіркеу 1 сағатқа дейін қысқарады.
Осындай мамандандырылған қызмет көрсететін ХҚКО-тары бұдан бұрын Алматы және Қарағанды қалаларында ашылғандығын еске саламыз. Алматының мамандандырылған қызмет көрсететін ХҚКО ашылғаннан бері 5 мыңнан астам жүргізуші куәлігін берді, 27,5 мың автомобильді тіркеуге алды және 21,5 мыңнан астам автокөлік құралын тіркеуден шығарды.
Қарағандының мамандандырылған ХҚКО ашылғаннан бері 2 мыңға жуық жүргізуші куәлігін беріп, 3,5 мың автомашинаны тіркеп, 4,5 мың автомашинаны тіркеуден шығарды.