Қазақстанда әйелдер мен ерлердің жалақысы қашан теңеседі
Қазақстанда әйелдердің мүмкіндігі ерлермен теңескен жоқ. Оған статистика дәлел. Кейде әйелдер өз құқығын қалай қорғауды да білмейді. Ал, жалақысы әлі де төмен. Осы және басқа факторларды жою, яғни гендерлік теңдікке жету үшін не істелді? Бұған дейін алға қойған мақсаттарға қол жетті ме? Ерлер мен әйелдердің елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне белсенді қатысуына тең мүмкіндік берілді ме? Мемлекеттік саясатта гендерлік тәсілдерді кеңінен енгізу және заңнамалық базаны жетілдіру қалай жүзеге асып жатыр? Осы және өзге сұрақтардың жауабын Kazinform тілшісіне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер орталығының жоба менеджері Әйгерім Құсайынқызы айтып берді.
Соңғы бес жылда ілгерілеу бар
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда соңғы бес жылда ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету маңызды факторға айналды.
«Соңғы жылдары елімізде гендерлік теңдіктің артқанын байқауға болады. Ол үшін бірнеше шара қабылданып жатыр. Атап өтсем, тек әйелдерге арналған кәсіптер тізімін алып тастау, жалғызбасты әкелерге өзін және балаларын қамтамасыз ету үшін қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беру, Парламентте әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға 30 пайыздық квота енгізу дәлел бола алады. Сонымен қатар, әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту, әйелдер мен қыздарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке қарсы күрес шараларын күшейтуде мемлекеттік және гендерлік саясат стратегиясы іске асырылып жатыр», – деді Әйгерім Құсайынқызы.
Халықаралық ұсыным мен Қазақстанның билігіндегі әйелдердің үлесі
Жалпы БҰҰ ұсынымдарына сәйкес, әйелдердің мүддесін ескеру және толық көрсету үшін билік құрылымдарында, шешім қабылдайтын деңгейдегі қызметте әйелдер өкілдігі 30% болуы керек. Еліміз бұл ұсынымды орындау үшін кезең-кезеңмен жоспар құрған.
«2022 жылы әйелдер өкілдігінің белгіленген деңгейіне қол жеткізу үшін Қазақстандағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды және оны іске асырудың жаңартылған жоспары қабылданды. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 853 жарлығына сәйкес, нысаналы индикатор айқындалды. Атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторлардағы шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің үлесі 2023 жылы 25% болды. Ал, бұл көрсеткіш 2027 жылға қарай 27,0%, 2030 жылға қарай 30%-ға жету керек», – деді ол.
Әйелдердің мүмкіндігі әлі тең емес
2022 жылға арналған жұмыспен қамту статистикасы корпоративтік сектордағы басқарушы әйелдердің өкілдігінің 30% шегінен асып кеткенін көрсетеді (43,4%). Бірақ сарапшы қоғамда әйелдердің мүмкіндігі әлі де теңеспегенін алға тартты.
«Қазақстан әйелдерді саяси, экономикалық және қоғамдық салаларға тартуда біршама жетістіктерге жеткеніне қарамастан, қоғамда әйелдердің мүмкіндіктері әлі де шектеулі», – деді.
Дегенмен, Гендерлік индекс бойынша халықаралық рейтингте Қазақстан былтыр 146 елдің ішінде 62 орынды иеленді (2022 жылы – 146 елдің ішінде 65-ші, 2021 жылы – 156-дан 80-ші, 2020 жылы – 153-тен 72-орында) және 2022 жылмен салыстырғанда 3 саты жоғарылады.
Білімдегі алшақтық іс жүзінде жойылды
Әйгерім Құсайынқызы, Қазақстанда білім деңгейі бойынша гендерлік алшақтық іс жүзінде жойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бастауыш, орта және жоғары біліммен қамтуда толық теңдік қамтамасыз етілді.
«Салауатты өмір сүру ұзақтығы» көрсеткіші бойынша Қазақстан жыл сайын позициясын – 1-орынды сақтап келеді. Жетекші елдердің қатарында. «Әйелдердің экономикалық қатысуы және мүмкіндіктері» және «білім деңгейі» көрсеткіштерінің жақсаруы байқалады, тек «саяси ілгерілеу» көрсеткіші бойынша жағдай айтарлықтай нашарлады – 66-дан 100-ге дейін төмендеді», – деді ол.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа заң қатайды
Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2022 жылы республикада отбасылық-тұрмыстық салада жасалған 942 қылмыстық құқық бұзушылық (2020 ж. – 1072, 2021 ж. – 1047) тіркелген. Бұл статистикаға қарап, тіркелген қылмыс азайғанын көреміз. Бірақ былтырғы деңгей 2022 жылдың көрсеткішінен кем болмай отыр.
2023 жылдың 6 айының қорытындысына қарасақ, отбасылық-тұрмыстық салада 461 қылмыстық құқық бұзушылық (2022 жылдың 6 айында – 460) тіркелген. 2022 жылы республика бойынша 25 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп (2020 ж. – 25 720, 2021 – 28 008), отбасылық-тұрмыстық салада жасалған. 2023 жылы 6 айдың қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық салада 18,2 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатайды. Қылмыстық кодекске және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл туралы мына материалда толығырақ айтқанбыз.
2023 жылдың 6 айында әйелдер Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына 925 өтініш жолдаған. Бұл – өтініштердің жалпы санының 32,7%-ы. Соның ішінде гендерлік кемсітушілік бойынша 8 шағым түскен.
«Әйелдерден түсетін шағымдар негізінен олардың еңбек, тұрғын үй, әлеуметтік саладағы, неке және отбасындағы құқығының бұзылуына қатысты болған. Әдетте, мұндай жағдайлар қаржылай жағдайы қиын, заңгерден көмек сұрауға ақшаның жетпеуі, тіпті құқығын қорғаудың жолын білмеуі, білімнің болмауынан болады. Әйелдерден түскен өтініштерді қарап, Ұлттық құқық қорғау институты мемлекеттік органдарға тиісті сауалдар мен ұсыныстар жібереді», – деді маман.
Әйелдер кімнен және қалай көмек сұрай алады
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда шағым беру, оның ішінде жынысын кемсітушілікке қатысты жағдайларды қараудың тиімді тетігі енгізілді. Азаматтар құқығын қорғау үшін сот органдарына, ұлттық құқық қорғау институттарына, прокурорларға және басқа мекемелерге жүгіне алады. Жоғарғы соттың сайтында «Әйелдерге құқықтық көмек» бөлімі бар. Онда әйелдерді кемсітушіліктен қорғау бойынша құқықтық ақпарат, заңнамаға және сот актілеріне түсініктемелер берілген. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сайтында да әйелдер құқығын қорғау мәселелері қамтылған.
«Томирис» ақпараттық-танымдық бағдарламасы аясында әйелдер қозғалысының белсенді өкілдеріне арналған тренинг басталды. Бағдарлама әйелдер мен қыздардың басқару әлеуетін және саяси мәдениетін дамытуға бағытталған. Басты мақсатының бірі – белсенді әйелдерді оқыту мақсатында әр өңір үшін аймақтық сарапшылар пулын құру. 2022 жылы 50 тренер дайындалды. Былтыр да жұмыс жалғасты. Сонымен қатар, елімізде отбасы және гендерлік саясат саласында әлеуметтанулық-аналитикалық зерттеулер тұрақты түрде жүргізіледі», – деді Әйгерім Құсайынқызы.
Сарапшының айтуынша, «БҰҰ-әйелдер» ұйымымен бірлесе отырып, «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге және Қазақстандағы теңдікке жәрдемдесу саласындағы міндеттемелерді жүзеге асыруға жәрдемдесу» тақырыбында бірлескен жоба жүзеге асырылды. 2022 жылы жобаны іске асыру барысында гендерлік талдау жүргізу және басқа гендерлік бюджеттеу құралдарын енгізу бойынша Қазақстанның 13 өңірінен қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың және белсенділердің 42 өкілінің (95% әйелдер және 5% ерлер) әлеуеті арттырылды.
Қазақстанда гендерлік саясаттың бөлігі ретінде 2030 жылға қарай ұзақ мерзімді мынадай нәтижелер күтіледі:
- Халықтың репродуктивті денсаулыққа қатысты хабары артады.
- Балаларды тәрбиелеу процесіне қатысатын әкелердің үлесі артады.
- Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және оларға көмек көрсету тиімділігі артады.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталанатын жағдайлары азаяды.
- Кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің қаржылай сауаты артады.
- Атқарушы, өкiлдiк және сот органдарында, мемлекеттiк, квазимемлекеттiк және корпоративтiк секторларда шешiм қабылдау процестерiне қатысатын әйелдердiң үлесi ұлғаяды.
- Халықты отбасы және гендерлік теңдік институтын нығайту шараларымен қамту ұлғаяды.
2030 жылға қарай әйелдердің орташа жалақысының ерлерге қарағанда гендерлік алшақтығы – 21%
Сарапшымен елімізде гендерлік теңдікке жету үшін атқарып жатқан шараларға тоқталды. Әлі де шешілмей келе жатқан мәселе көп. Оның ішінде әйелдердің жалақысы әлі де ерлердің табысынан төмен. Үкімет мұны шешу үшін белгілі бір индикаторларды діттеп отыр.
«2030 жылға қарай әйелдердің орташа жалақысының ерлерге қарағанда гендерлік алшақтығы 21% болады, материалдық игіліктерге (мүлік, тұрғын үй, көлік, жеке кәсіпкерлер) иелік ететін әйелдердің ерлерге қатысты үлесі 10%-ға артады деп күтіледі. Шешімдер қабылдау деңгейінде атқарушы, өкілді және сот органдарындағы, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторлардағы әйелдер үлесі 30%, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдер үлесі 10% болады», – деді Әйгерім Құсайынқызы.
Мемлекеттік шаралардың нәтижесін 2030 жылға қарай көреміз. Ал, Қазақстанда жазылмаған заңдылық бар – әйелдер бала тәрбиесіне де, үй шаруасына да, қызметке де үлгеру керек. Одан қалды төркіні мен қайын жұртының көңілінен шығуға тырысады. Демек, тұрмыстағы жауапкершіліктің жүктемесі жоғары. Алайда жас буындағы (20-35 жас) ер азаматтардың көбі бұлардың бәрі ортақ жауапкершілік деп түсінеді. Мәселенің бәрі отбасынан шығатынын ескерсек, гендерлік теңдік осылай ақырын-ақырын орнайды деген үміт бар.