Қазақстанда Әзербайжан драматургының пьесасы бойынша түсірілген фильм көрерменге жол тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда режиссер Жандос Айбасов түсірген «№ 37» фильмі көрерменге ұсынылды. Фильмнің негізінде Әзербайжан драматургы Исмаил Иманың пьесасы жатыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Оқиға Расулдың тарихына құрылған: ол террорлық актінің салдарынан қаза тапқан, бірақ он бес жылдан кейін күтпеген жерден отбасына оралады.
АЗЕРТАДЖ хабарлауынша, фильмнің премьерасы болған күні Алматыда 2022 жылы тәуелсіз ŞAM театры сахналаған бірдей атаумен спектакльдің жүзінші және соңғы көрсетілімі өтті. Бұл спектакль Исмаил Иманың «Сады Астары» (2017) пьесасы негізінде қойылған.
Спектакль Қазақстанның ең танымал қазіргі заманғы режиссерлерінің бірі Фархад Молдағалидің жетекшілігінде сахналанған. «Сады Астары» пьесасын қазақ тіліне драматург Әлішер Рахат аударды. Оның аудармаларының жинағы, соның ішінде «Сады Астары» пьесасы да осы күндері жарық көрді.
Исмаил Иман өз мәтінінің өзге елде танылып, алдымен театр сахнасында, кейін кино арқылы көрерменге жеткеніне қатты қуанатынын жеткізді. Ол мұны «балам сияқты» деп сипаттайды: яғни пьеса өз алдына жеке өмір сүріп, басқа тілде сөйлеп, жаңа аудиторияға танылып жатыр.

— Пьеса Қазақстанға бейімделген — мысалы, Астары бақтарының орнына Балқаш көлі алынған. Бірақ жалпы идеясы өзгермеген: негізгі мән — адам тағдыры, адамдар арасындағы қарым-қатынас пен оның нәзіктігі. Қызығы, фильм спектакльдің танымалдылығы мен мықты актерлердің арқасында бастапқы пьесадағы оқиғаларға одан да жақынырақ болып шыққан, — деді Иман.
Айта кететіні — спектакльде ойнаған актерлердің басым бөлігі фильмге де түскен. Қазақстанда алғаш рет театр қойылымы киноға осылай бейімделіп отыр.
Фильмнің басты рөлдерінде Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Зарина Кармен және басқа да актерлер ойнаған. Исмаил Иман арнайы шақырылып, спектакльдің соңғы көрсетіліміне және фильмнің таныстырылымына қатысты.
Айта кетейік, жаңа кино апталығының басталуымен көрермендерді қызықты премьералар жинағы күтіп тұр. Алдағы күндері қандай фильмдер көруге тұрарлық екенін білу үшін Kazinform тілшісінің материалын оқи аласыз.