Қазақстанда бала құқығын қорғайтын кейс-менеджер лауазымы енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның қорғаншылық және қамқоршылық органдарында әр баланы жеке қолдау мақсатында кейс-менеджер лауазымы пайда болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Шынар Ақпарова
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Жаңа институт Мемлекет басшысының баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз орта құру туралы тапсырмасы аясында іске асырылмақ. Кейс-менеджерлер қорғаншылық органдарының қызметкерлері арасынан тағайындалады.

– Әрбір баланы жеке қолдау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органдарында кейс-менеджер лауазымы енгізіледі. Педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарға жаңа талаптар қойылып, олар жыл сайын оқытудан өтеді. Сонымен қатар, осы сала мамандарын даярлау үшін жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінеді, – деді Шынар Ақпарова.

Жаңа мамандық иелері түрлі мемлекеттік құрылымдар арасындағы негізгі байланыстырушы буын болмақ.

Олардың негізгі міндеттеріне мыналар жатады:

Білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары мен психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру;

Әр балаға арналған жеке көмек жоспарын құру және оны іске асыру;

Балаға медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсетуді ұйымдастыру.

Вице-министрдің айтуынша, бұл реформа кадр мәселесін де қамтиды. Мамандардың кәсіби деңгейін арттыру үшін арнайы білім беру гранттары қарастырылған. Ендігі кезекте әрбір қиын жағдайда қалған баланың тағдыры жеке бір маманның жіті бақылауында болады.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімдеріне бала құқығын қорғау басқармаларын құруды 2 айда аяқтауды тапсырған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар