Қазақстанда балаларға 13 мыңға тарта жазғы лагерь қызмет ететін болады - БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанда балаларға 13 мыңға тарта жазғы лагерь қызмет ететін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті.

«Балалардың ұйымдастырылған демалысын қамтамасыз ету үшін, жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, жазғы кезеңде елімізде 13 мыңнан астам лагерь жұмыс істейтін болады. Олардың ішінде 11,5 мыңы - жыл бойы істейтін лагерь болса, 200-ден астамы - қала маңы лагерлері, 2000-ға жуығы шатырлы және киіз үйлі лагерлер. 1 маусымнан бастап, мектеп жанынан құрылған лагерлер есігін ашады. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер, мүмкіндігі шектеулі балалар, сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балалары лагерлерде жергілікті бюджеттің есебінен тегін демалатын болады. Бұнымен қоса, сабақта ерекше жетістікке жеткен оқушылар да тегін демала алады. Жазғы мезгілде балалардың демалысын ұйымдастыру мемлекет пен ата-ананың маңызды міндеттерінің бірі. Барлық балалар елдегі лагерлерде ақылы демалуға мүмкіндігі бар», - деп атап өтті вице-министр. 

Оның сөзінше, жазғы демалысты, сауықтыру шараларын және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында министрлік нормативтік құжаттарды жасақтап, жетілдіруде. Сондай-ақ жыл сайын педагогтарға арналған курстар өткізіледі.

«Сонымен қатар балаларды құқықтық тәрбиелеу де үлкен маңызға ие. Барлығымыздың алдымызда тұрған басты міндет - жазғы мезгілде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жазғы маусымға дайындалу барысында барлық облыстарда лагерьлерді қабылдайтын жергілікті әкім орынбасарларының төрағалығымен ведомствоаралық комиссия жұмыс істеді. Оның құрамына санэпидемиялық, өртке қарсы қызмет органдарының аймақтық бөлімшелерінің қызметкерлері кірді. Балаларға арналған сауықтыру орталықтары мен лагерлердің инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары атқарылуда», - деп атап өтті Б. Асылова.

Соңғы жаңалықтар