Қазақстанда балаларға арналған 9 аурухана салынады — Үкімет
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында тоғыз балалар ауруханасы салынып, мектептердегі қауіпсіздік жүйесі жаңартылады. Құрылтайда өткен Үкімет сағатында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және балалардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері жарияланды. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.
Сапалы білім беру. Мемлекет басшысының бастамасымен 217 «Келешек мектептері» салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, соңғы жеті жылда 1342 білім беру мекемесі салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебі жаңғыртылды. Қазіргі уақытта 101 мектеп салынып жатыр. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бес өңірде 21 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Инклюзивті білім беруді дамытуда қолжетімділікті қамтамасыз етуге, білім сапасын арттыруға және әрбір балаға жеке қолдау көрсетуге басымдық берілуде. Осы мақсатта арнайы жабдықталған кабинеттер ашу көзделген; жүктемесі жоғары өңірлер мен шалғай аудандарда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар желісін кеңейту және мұндай мекемелерді ашуға қойылатын талапты 50 мың баладан 30-40 мың балаға дейін төмендету ұсынылып отыр. Оқушылар, педагогтер, ата-аналар және жалпы қоғам арасында әр баланы қабылдауға, құрметтеуге және барлығына тең мүмкіндік жасауға негізделген инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың жаңа жолдары қарастырылып жатыр.
Биыл 389 мыңнан астам бала мектепке дейінгі білім алды. 20 қала мен 23 ауданда жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясында 1,3 млн ваучер берілді. Соның нәтижесінде бюджет қаражатының 47,6 млрд теңгесі үнемделіп, балабақша кезегінде тұрғандар саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін азайды.
Денсаулық сақтау. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың мәліметінше, биылғы тоғыз айда 500 мыңнан астам бала стационарлық медициналық көмек алды. Алдағы жылдары тоғыз балалар ауруханасын салу жоспарланған. Елордада балаларға арналған екі орталық — шұғыл медициналық көмек көрсету және хирургия орталықтары салынып жатыр. Алматыда республикалық ғылыми педиатрия орталығы мен сегіз перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды сатып алуға 12,4 млрд теңге бөлініп, 15 өңірге жаңа техника жеткізілді. 2027 жылы төрт өңірдегі балалар ауруханаларын 720 млн теңгеден астам сомаға қосымша жабдықтау көзделген. Сондай-ақ Педиатрия және балалар хирургиясы орталығы мен Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология орталығын жабдықтауға 5,6 млрд теңге қарастырылған.
— Бүгінде 26 балалар стационары жаңғыртылды. Олардың инфрақұрылымы жаңартылып, төсек-орындар нефрология, эндокринология, гастроэнтерология және онкогематология сияқты сұраныс жоғары бағыттарға бейімделіп жатыр, — деп нақтылады вице-министр.
Қауіпсіздік. Мектептердегі психологиялық қызметті жаңғырту басталды. Мазасыздық, күйзеліс, зорлық-зомбылық, буллинг және басқа да қауіп-қатерлерді ерте анықтаудың бірыңғай жүйесі енгізілді. «ДосболLike» буллингке қарсы бағдарламасының нәтижесінде буллинг деңгейі 2,5%-ға төмендеді.
Отбасы тәрбиесі және әлеуметтік қорғау. Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, Қазақстанда 20 психологиялық қолдау орталығы және 160 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілді. Бүгінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасында тәрбиеленіп жатыр. Қамқоршылық органдарындағы мамандар саны 303-тен 1029 адамға дейін артты.
Балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бөлінетін мемлекеттік қаражат көлемі үш есе ұлғайып, 6,4 трлн теңгеге жетті. «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылдан бері балалардың арнайы шоттарына шамамен $2,5 млрд аударылды. Сонымен қатар мемлекет тарапынан 60 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК — 4 325 теңге) мөлшерінде бастапқы капитал берілетін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы капитал 120 АЕК мөлшерінде белгіленген.
Айта кетейік, бұған дейін ерекше білім беру саласына 3 мыңнан астам маман жетіспейтінін жаздық.