Қазақстанда бәсекелестікті одан ары дамыту қалай жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда бәсекелестікті одан ары дамыту қалай жүргізіледі

«Бүгінде еліміздегі бәсекелестіктің жай-күйі негізгі тауарлық нарықтарға шоғырлануының және экономикадағы мемлекет қатысуының жоғары деңгейімен сипатталады. Осыған орай біздің жұмысымыз және заң жобасының нормалары экономикаға мемлекеттің қатысуымен байланысты үш негізгі реттеуші кедергіні шешуге бағытталған», - деді заң жобасын таныстырған ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Ахметов.

Оның атап өтуінше, біріншісі «негізгі қуаттарға» қолжетімділіктің шектеулілігі болып тұр.

«Бұл - инфрақұрылымдар мен ресурстар. Бизнес оларға қол жеткізбей тұтынушыларға қызмет көрсете алмайды. Қолжетімділіктің шектеулі болуы бизнестің қолданыстағы түрлерін кеңейтуді немесе жаңа түрлерін дамытуды қиындатады. Екіншісі – баға қалыптастырудың бұрмалануы. Бүгінде Кәсіпкерлік кодексте бағасы реттелуге жататын тауардың 14 түрі қарастырылған. Бұған қоса тауарлық нарықтардың басым бөлігіне әкімшілік баға бақылау іс-шаралары қолданылады. Табиғи немесе мемлекеттік монополия болмаған жағдайда баға реттеу инвестиция тартуды, инновация мен бәсекелестікті дамытуды тежейді», - деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Рүстем Ахметов үшінші кедергі ретінде іріктеу арқылы қамқорлық танытуды атады.

«Бұл – жекелеген компанияларға нарықтық билікті негізсіз жүктейтін құқықтық актілер қабылдау, бәсекелестіктің аллокативті тиімдлігін бұрмалайтын атаулы сипаттағы мемлекеттік қолдау іс-шаралары», - деді ол.