Қазақстанда биыл 10 шетелдік университеттің филиалы ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қазақстанда шетелдік ең мықты 10 университеттің филиалы ашылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «JibekJoly» телеарнасындағы «БүгінLive» бағдарламасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

Оның сөзінше бұл жұмыс Президенттің тапсырмасына сай жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат — Қазақстанда академиялық және зерттеуші хаб құру. Сондықтан, шетелдің үздік 40 университет Қазақстанда филиал ашуға келісім берген.

— Үш мақсат қойып отырмыз біз. Бірінші: Қазақстанды осы академиялық хабқа айналдыру. Бұл бізге не береді? Бізге шетелден студенттер келеді. Қазақстанға биыл 31 мың жарым шетелдік студент келді. Бұл біздің тарихи рекордымыз. Қытайдан, Ресейден, Моңғолия, Әзербайжан, Индонезия, Түркиядан, АҚШ, Германиядан, Оңтүстік Африкадан, Нигериядан келіп жатыр, — дейді министр Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, бұл жолы британдық, америкалық, Қытайдың, Ресейдің университеттері тек қана екі жақты бағдарлама қос дипломмен емес, толыққанды кампустар ашуға келеді.
Нәтижесінде 100 млн долларға жуық инвестиция тартылады деп күтіліп отыр.
Бұған дейін Астанада Кардиф университетінің толыққанды кампусы ашылғанын жазған болатынбыз. Еске салайық, бұл — зерттеуші форматындағы Британияның ең мықты университеттерінің бірі.