Қазақстанда демалу мәдениеті төмен – маман пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – 18 жаста қаза болған жас жігіттің өліміне қатысты күдіктілер қылмысы дәлелденген жағдайда 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы заңгер Аржан Сәдуақас Jibek Joly телеарнасының Бүгін Live бағдарламасында айтты.
Маманның сөзінше, егер күдіктілер пышақты өзін-өзі қорғау мақсатында қолданып, қорғаныс шегінен аспағаны анықталса, жаза 4–5 жылға дейін шектелуі мүмкін. Ал қорғаныс шегінен шығып, қасақана адам өлтіргені дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
– Бұл жерде екінші тараптың төбелескені немесе төбелеспегені маңызды емес. Қылмыстық жауапкершілік бәрібір туындайды. Кімнің бастағаны емес, оқиғаның немен аяқталғаны маңызды, – деді ол.
Сонымен қатар Аржан Сәдуақас түнгі сағат 23:00-ден кейін алкоголь сатылатын орындарда кәсіби күзетшінің болуы міндетті екенін атап өтті.
Оның айтуынша, кәсіби күзетші деген тек дене бітімі ірі адам емес, жанжалды шешуге қабілетті маман болуы тиіс.
– Егер түнгі ойын-сауық орталығы жұмыс істесе, онда міндетті түрде кәсіби күзетші болуы керек, – деді заңгер.
Маман Қазақстанда демалу мәдениетінің төмен екенін де айтты.
Оның пікірінше, түнгі ойын-сауық орындарында әлсіз адамдарға, соның ішінде әйелдерге немесе физикалық шамасы төмен ер адамдарға тиісу жағдайлары жиі кездеседі.
– Мұның барлығы тәрбиеге келіп тіреледі. Жас буынмен жұмыс істеп, заң аясында тәрбиелеу қажет. Тәрбие бар жерде қылмыс та аз болады, – деп түйіндеді Аржан Сәдуақас.
Еске салсақ, Астанада түнгі клубта жастар арасында жанжал туындап, 18 жастағы жігіт мерт болған еді.