Қазақстанда дөңгелек ауыстыру қызметінің құны қанша

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан қалаларында дөңгелек ауыстыру қызметінің құны орта есеппен 8-9 мың теңге. Бұл қызметтің құны дөңгелектің диаметріне тікелей байланысты деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазақстанда дөңгелек ауыстыру қызметінің құны қанша
Коллаж: Kazinform/ Canva

Заң талаптары

Қазақстанның көп өңірінде қыс түсті. Қар, жел, көктайғақ жүргізушіні әбігерге салары белгілі. Сондықтан полиция қызметкерлері жүргізушілерге алдын ала қысқы дөңгелекке ауысатын уақыт жеткенін айтып, ескерту жасады.

Айтып өтейік, жол қозғалысы ережесіне сәйкес жазғы дөңгелекті қолдану мерзімі бар. Желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында жүргізушілер міндетті түрде қысқы дөңгелекпен жүруі тиіс. Талапты сақтамаған жүргізушіге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2025 жылы бұл – 19 660 теңге.

Айтып өтелік, дөңгелектің де бірнеше түрі бар. Бұдырлы дөңгелек қыстың аязында, боран мен көктайғақта жолда қалдырмайды. Сонымен бірге жүргізушілер арасында дөңгелектің «жабысқақ» түрі де сұранысқа ие. Бұл қар жауғанда және қар ерігенде ыңғайлы. Қазір барлық маусымға арналған түрін де қолдануға болады. Бірақ оны қысы қатты өңірлер қолдана алмайды. Аязды және көктайғақ күні бұдырлы дөңгелекке тең келмейді.

Бағаға не әсер етеді?

Дөңгелек ауыстыру қызметінің құны жылына екі рет сұранысқа ие. Ол дөңгелекті жаздан қысқа, қыстан жазға ауыстыру шағы. Бұл әр аймақта әртүрлі уақыт әрі бәрі де ауа райына байланысты.

Ерте қамданатындар аз болған соң алғаш қар жауған күні дөңгелек жөндеу орталықтарында ұзын-сонар кезек түзіледі. Баға дөңгелектің диаметріне тікелей байланысты. Мәселен, R13 диаметрлі дөңгелегін ауыстыру арзанға түседі. Баға әрі қарай көтеріле береді. Ереже бойынша баға төрт дөгелекке қатар есептеледі. Сонымен бірге дөңгелектің майысқан жерін түзеу де қызмет ішіне кіреді. Бұл жолдағы қауіпсіздік пен дөңгелектің желініп қалмауына әсер етеді. Кейде шеберханалар бұл қызметке қосымша ақы алады. Мұндайлар сирек те болса кездеседі.

ауыстыру
Фото: Kazinform

Қалалардағы баға

Дөңгелек жөндеу орталықтарының қызметі Ақтауда арзан. Мұнда баға 4 000 теңгеден басталады. Айта кеткен жөн, қалада қар жауған күні бірден дөңгелек ауыстыру керек деп ешкім әбігерге түспейді. Себебі қар сол күні-ақ еріп кетуі мүмкін.

Одан кейін Тараз бен Қызылорда қалалары тұр. Мұнда дөңгелек ауыстыру қызметінің құны 5 000 теңгеден басталады. Бұл, әрине диаметрі ең кішкентайы.

Көп қаладағы баға — 6000 теңге. Орал, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Түркістан мен Талдықорғандағы баға осындай. Ал жол талғамайтын көліктерге орта есеппен 20 000 мың теңге сұрайды.

Петропавл, Алматы, Павлодарда баға орта есеппен 7000 - 22 000 теңге аралығында. Айта кетейік, кейбір өңірде дөңгелек жөндеу орындарына алдын ала жазылу керек. Мұның жақсы жағы да бар. Қар жауған кезде бірнеше сағат бойы торуылдап тұрудың қажеті болмайды.

Көкшетау, Ақтөбе, Семей мен Өскемен қалаларында қызмет құны 7 500 теңгеден басталады. Ақтөбе қаласында диаметрі ең үлкен дөңгелекті ауыстыру құны өзге өңірлерге қарағанда төмен.

ауыстыру
Фото: Kazinform

Бұл қызмет Астана қаласында қымбат. Мұнда дөңгелек жөндеу орталықтары кем дегенде 8 000 теңге сұрайды. Сонымен бірге Қостанай қаласында баға жоғары. Қызмет құны 8 500 теңгеден басталады.

Еске салсақ, бұған дейін психолог пен психиатр қызметінің құны туралы жазылды. Сонымен бірге ұялы телефон мен қысқа арналған жылы аяқ киім бағасын салыстырдық. 

Соңғы жаңалықтар