Қазақ-өзбек шекарасындағы «Атамекен» кеден бекеті қайта ашылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан «Атамекен – Сырдария» кедендік бақылау бекеті жөндеуден кейін қайта ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта аталған шекара бекеті жаяу жүргіншілер мен жеңіл көліктерді өткізіп жатыр.
— Азаматтардың шекарадан өтуі жедел, ыңғайлы әрі жеңілдей түсті. Бұл ретте осы бекет арқылы жүретін адамдардан шекарадан өту ережелерін қатаң сақтауын сұраймыз, - деп мәлім етті ведомстводан.
Еске салайық, 29 наурыздан бастап Астана мен Ташкент арасында тағы бір тікелей әуе рейсі ашылады.
Сонымен қатар, биыл қаңтарда 88 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.
Қоса кетсек, таяуда Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің Стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерді оңтайландыру басқармасының бастығы Фарход Олимжонов Kazinform агенттігіне сұхбат беріп, саяхатшылар қаперде ұстауы тиіс ережелерді айтқан еді.