Қазақстанда фото және видео түсірілім бағасы қанша тұрады

АСТАНА. KAZINFORM – Мерейтой, салтанатты шара, отбасындағы қуанышты сәттерде фотограф пен видеографтар жалдайтынымыз белгілі. Kazinform агенттігі қызметтің бұл түрі қанша тұратынын анықтап білді.

Сколько стоит фото и видеосъемка в Казахстане
Коллаж: Kazinform

Қызметтің бұл түрі тапсырыс берушілердің қалауына қарай өзгеріп отырады. Бір ғана адамды, тіпті бір тобын шақыра аласыз. Қазіргі кезде еліміздің аймақтарында баға шамалас. 

Фотографтар орта есеппен сағатына 10 000 теңге алады. Ал видеооператорлар 20 000 теңгеден сұрайды. Бірақ кейде олар бір тойға бір баға бекітеді. Ол тек кешкі басқосу емес, құда күтіп, шаңырақтағы отырысты қоса есептейді.

Таразда қызмет көрсетуші адамның кәсібилігі, құрал-жабдықтарының сапасы мен команда құрамына орай алдын ала есептелген баға парақшасы бар. Мұнда оператор қызметі 15 000 теңгеден басталып, 300 000 теңгеге дейін жетеді. Ал фотографты 30 000 теңгеге жалдауға болады.

Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда мен Қонаевта фотографтар қызметі 15 000-20 000 теңге тұрады. Ал видеооператорлар қызметі 100 000 теңгеден жоғарылай береді.

Көкшетау, Петропавл, Талдықорған фотографтары салтанатты шараларды 30 000 теңгеге түсіріп береді. Бейне түсірілім бағасы 100 000 теңгеден басталады. 

Оралда фото және видеооператорлар қызметінің құны 60 000 теңгеден басталады. 

Ал Павлодар, Жезқазған, Қарағанды, Атырау мен Шымкентте видеооператорлар бағасы қолжетімді.

Астаналық операторлар мен фотографтар тарифті сағатына есептейді. Фотографтар 1 сағатқа 15 000 теңге және одан жоғары ақы сұрайды. Ал бейнетүсірілім қызметі сағатына 10 000 теңгеден басталады.

Семейде операторлар қызметі қолжетімді. Мұнда видеограф қызметі 30 000 теңге тұрады. 

Еліміздің оңтүстік астанасында баға жоғары. Мұнда да фото, видео түсіретін мамандар әр сағатына ақша алады. Бір сағаттық фото түсірілім бағасы 20 000 теңге. Ал бейне түсірілім бағасы 45 000 теңгеден басталып, көтеріле береді.

Қызмет көрсетушілер фотоны әрлеп, видеоны монтаждап та береді.

Қазақстанда фото және видео түсірілім бағасы қанша тұрады
Инфографика: Kazinform

Еске салсақ, кеше еліміздегі қазы бағасын білдік. 

Соңғы жаңалықтар