Қазақстанда ғылым мен бизнес тізе қосып жұмыс істейтін болды

атамекен
Фото: Атамекен ҰКП

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум бекітті.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми жобаларды қаржыландыру жылдан жылға артып, ғалымдарға мемлекеттік қолдау күшейіп келе жатқанын атап өтті.

«Ғылымның нәтижелілігін арттыру, оны бизнес-қоғамдастықтың сенімді серіктесі ету маңызды. Сондықтан қазіргі тәсілдерді түбегейлі қайта қарап, отандық ғылымды дамытудың жаңа стратегиясын құруымыз керек. Біздің басты міндетіміз — ғылымды қолданбалы ету. Бұл өндірісті сұранысқа ие инновациялармен жасақтауға және елдің экономикалық дамуында елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте осы өзгерістердің барлығы ғылыми қоғамдастықтың ғана емес, экономиканың нақты секторының да пікірін ескере отырып, жүзеге асырылуы қажет», — деді Ақылбек Күрішбаев елордада өткен дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, Ұлттық ғылым академиясы ғалымдарға арналған тағы бір әкімшілік құрылым болмауы керек. Ол автономды, тәуелсіз ұсыныстарды беретін, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылады.

Академия ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыру, форсайттық зерттеулер мен технологиялық болжау негізінде отандық бизнеспен бірге ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындауды мақсат етуі қажет.

Сонымен бірге, академия бес стратегиялық маңызды бағдарламаны әзірлеу жұмыстарын бастап кетті.

Оның бірі — ауыл шаруашылығындағы заманауи биотехнологияны дамыту бағдарламасы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік бермек.

Академия талантты жастарды ғылым саласына тарту орталығына айналады.

Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды — академия жанынан тұңғыш рет Жас ғалымдар кеңесі құрылды.

А. Күрішбаев бизнес өкілдеріне осы бастаманы құптауды және еліміздің үздік жас ғалымдарын қаржылай қолдау қорын құруды ұсынды.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы міндетін атқарушы Райымбек Баталов палатаның экономика мен қоғамның дамуында шешуші рөл атқаратын ғылым мен инновацияны дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Өткен жылдың мамыр айында отандық кәсіпкерлер кеңесі өтіп, кәсіпкерлер палатасы ғылымды дамытудағы ұсыныстарын айтқан.

«Қазіргі уақытта бұл ұсыныстардың бір бөлігі „Ғылым және технологиялық саясат туралы“ жаңа заң жобасында көрініс тапты және қабылданды. Атап айтқанда, ғылымға қосқан үлесі үшін бизнеске салықтық жеңілдіктер беру, жеке секторды тарту арқылы технопарктер, бизнес-инкубаторлар, инновациялық орталықтар қызметін күшейту ұсыныстары болды. Одан бөлек, біздің палата „Ғылым қорымен“ бірлесіп ғалымдар мен кәсіпкерлер үшін бірнеше коммерцияландыру реакторларын өткізді, онда инновациялық жобалармен танысып, жобаларды бірлесіп коммерцияландыру туралы келісімдерге қол қойды», — деді Райымбек Баталов.

Сондай-ақ, ғылымның бизнеспен өзара іс-қимылына жағдай жасау мақсатында ғылыми жобаларды коммерцияландыруға мүдделі бизнес өкілдерінің қауымдастығы — Ғылым қорының бизнес-серіктестері клубы құрылды.

Қазіргі уақытта клубқа 180-нен астам адам мүше.

«Барлық өткізілетін іс-шараларымыздың басты міндеті — ғылым мен бизнестің тұрақты кооперациясын әзірлеу. Ғалымдар мен бизнес бір даму жоспарымен жүруі керек. Бүгінгі меморандум да біздің ғылыми зерттеулерге, инновацияларға және дамуға деген ортақ ұмтылысымыздың символы болады және ұйымдарымыз арасындағы серіктестікті нығайтуға күш салуымыздың дәлелі болады», — деді Р. Баталов.

Соңғы жаңалықтар