Қазақстанда кальянға қатысты шектеулерді жеңілдету мүмкіндігі талқыланып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық мемлекеттік органдар кальянды пайдалануға қатысты шектеулерді жеңілдету мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті. 

кальян
Фото: pexels

— Шынында да бұл тақырып талқыланып жатыр. Осы орайда ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілдері ведомствоаралық жұмыс топтарының отырыстарына қатысып жүр. Талқылау жүріп жатыр. Жұмыс жалғасады. Осының нәтижесінде қабылданған шешім жарияланады. Сонымен қатар, қосымша қоғамдық тыңдаулар өткізіледі деп ойлаймын, — деді Санжар Әділов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, талқылау кезінде бірқатар мәселе қамтылған. Соның арасында тиісті жабдықтарды әкелуге рұқсат беру, ойын-сауық орындарында кальянды пайдалану, рұқсат етілген заттардың тізімін айқындау қарастырылып жатыр.

Бұдан бөлек ол Қазақстанда вейптер бойынша талаптарды жеңілдету болмайтынын атап өтті.

Айта кетейік, кальянды қоғамдық орындарда қоюға заң жүзінде тыйым бар. Былтыр Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар кальян қойып жүрген көңіл көтеретін орындар көбейіп кеткенін айтқан еді

Еске салсақ, былтыр маусым айынан бастап Қазақстанда вейп, оған арналған хош иістендіргіш пен сұйықтық әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салынды

Соңғы жаңалықтар