Қазақстанда қандай көліктер жиі ұрланады

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде автокөлік ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға төмендеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Астана дорога автомобили зима жолдар көліктер қыс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Министрліктің мәліметінше, автокөлік ұрлығы ең көп Алматы қаласы, сондай-ақ Алматы және Қостанай облыстарында тіркелген.

- Барлық жасалған қылмыстар бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, күдіктілер ұсталды, ұрланған көліктер іздестіріліп жатыр, - делінген жауапта.

ІІМ дерегінше, биыл жасалған қылмыстардың 75 пайызы ашылған. Қазіргі таңда 12 ұрланған көліктің орналасқан жерін анықтау бағытындағы шаралар жалғасып жатыр.

- Жиі ұрланатын көліктер қатарында Ресейде шығарылған автокөліктермен бірге Lexus, Toyota, KIA және BMW маркалары бар, - делінген хабарламада.

Ведомство ұрлық санының төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті.

- Олардың қатарында бейнебақылау камераларының санының артуы, автокөліктердің заманауи GPS-навигация құралдарымен жабдықталуы, құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша азаматтар мен БАҚ арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, шекаралық бақылаудың күшеюі және жазаның бұлтартпастығы бар, - деп түйіндеді Ішкі істер министрлігі.

Бұған дейін интернет алаяқтықтың жаңа түрі туралы жаздық. Бұл логистикалық компаниялар мен көлік иелері арасына жасырын делдалдық орнатып, жаңадан алынған автоларды ұрлау әрекеті екенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар