Қазақстанда қанша киік атылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елдегі киік санын реттеуге қанша киік жіберілетінін айтты.

Ертіс-Баян өңірінде киік саны 5 есе көбейген
Фото: gov.kz

Министр өткен аптада киік санын реттеу бойынша ғылыми негіздеме жарияланғанын, қазір ұйымдастырушылық мәселелерді қарап жатқанын айтты.

— Біз 1-2 күн ішінде өз шешімімізді жариялаймыз. Ғалымдар ұсынған негіздемеге сәйкес, бүкіл популяцияның 20 пайызы реттеуге жатады. Көктемгі санақ қорытындысы бойынша елімізде жалпы саны 3 миллион 900 мың киік бар, оның ішінде 2 миллион 300 мыңы — Орал популяциясы, 1 миллион 600 мыңы — Бетпақдала популяциясы, ал 700–800 мыңдай шағын популяция — Үстіртте, — деді Экология министрі Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондықтан шамамен 4 миллион киіктің ішінен 800 мыңын реттеу керек.

— Онда жыныстық-жас ерекшелігі бойынша құрамы да анықталған: 40 пайызы — аталық киіктер, 40 пайызы — аналық, 20 пайызы — биылғы төлдер (лақтар) болуы керек. Яғни бізде нақты сандар мен параметрлер бар, қазір сол бойынша дайындық жүргізіліп жатыр, — деді Е. Нысанбаев.

Бұдан бұрын Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің Қытайға 1500 киікті сыйға тартуына қатысты ойын ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар