Қазақстанда қызыл және қара уылдырық бағасы қанша
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жеңсік асқа сұраныс артып, бағасы да көтеріледі. Kazinform агенттігінің тілшісі қызыл және қара уылдырық бағасын салыстырды.
Жаңа жылға бірер апта қалды. Қазірдің өзінде қазақстандықтар мерекелік дастарханның мәзірін жоспарлап жүр. Үстелдің сәнін келтірер тағамның бірі - қызыл және қара уылдырық. Дүкен сөрелерінде уылдырық арнайы ыдысқа салынып, граммдап сатылады. Ал кейбір кәсіпкерлер күні бұрын табиғи жеңсік асты алдын ала тапсырыспен алдырып, келілеп сатуға шығарады. Бағаны салыстыру үшін жеңсік астың келісінің құнын білдік.
Павлолар қаласында қызыл уырдырық бағасы өзге өңірлерге қарағанда төмен болып шықты. Мұнда ақсерке балығының өнімі, яғни, уылдырықтың 140 граммы 3 300 теңге, ал 220 граммы 2905 теңге. Ал кета балық өнімінің 200 граммы 10 3530 теңге (келісі 25 000 теңгеден басталып, 60 000 теңгеге дейін жетеді).
Шымкент қаласында қызыл уылдырық құны мынадай: бақтақ (форель) балығының өнімі – 35 000–48 000 теңге, құнысбалық (горбуша) уылдырығы – 65 000–80 000 теңге, кета уылдырығы 74 000 – 90 000 теңге аралығында. Бұл келілеп сатылатын қызыл уылдырық құны.
Ал ыдыстағы уылдырық бағасы өзге. Бұл өңірде 350 грамм уылдырық құны – 31 000 теңгеден, 220 граммы – 21 000–25 000 теңге, 120 граммы – 12 000–19 000 теңге, 100 граммы – 10 000 теңге.
Бекіре уылдырығының 100 граммы 45 000–65 000 теңге және 50 граммы 25 000–32 000 теңгеге (келісі 450 мыңнан басталып, 600 мың теңгеге жетеді) сатылады. Ал Атырауда қызыл уылдырық бағасының келісі 34 000 теңге болса, құнысбалық уылдырығы 50 000 теңге.
Қостанай қаласында бақтақ балығы уылдырығының келісі 36 000 теңгеден басталады. Ал құнысбалықтың уылдырығын 53 000 теңгеге сатып алуға болады. Салмағы 200 грамм ыдыстағы уылдырық құны – 11 280 теңге. Қара уылдырықты алдын ала тапсырыспен алу керек. Оның келісі – 310 000 теңге.
Алматы мен Қонаевта қызыл уылдырықтың келісі 40 000 теңге және одан жоғары. Кета балығының уылдырығы – 55 000 теңге, құнысбалық уылдырығы – 65 000 теңге. Қара уылдырықтың келісі – 300-370 мың теңге.
Түркістандағы баға да осы шамалас. Қызыл уылдырықтың келісі 40 000 теңгеден басталып, кей жерлерде 55 000 теңгеге дейін жетеді. Баға сұрпы мен өндірушіге байланысты өзгеріп тұр. Қара уылдырықтың 100 граммы 25 000 – 35 000 теңге болса, сәйкесінше келісі 250–350 мың теңге.

Ақтөбе қаласында қызыл уылдырық бағасының келісі 40 000 теңгеден басталады. Құнысбалық уылдырығының келісі – 55 000-63 000 теңге, кета балығының уылдырығы – 60 000 – 68 000 теңге.
Баға Семей қаласынан бастап жоғарылайды. Мұнда құнысбалық уылдырығының келісі – 55 000 теңге, ал бақтақ балығы уылдырығының келісі – 42 000 теңге. Бекіренің қара уылдырығының келісін 650 мың теңгеге сатып алуға болады (50 граммы шамамен 40 000 теңге).
Көкшетау қаласында қызыл уылдырықтың түрі көп, бағасы әртүрлі. Дүкен сөресінде уылдырықтың бұл түрінің келісі 42 000 теңгеден басталып, 69 000 теңгеге дейін жетті. Арнайы ыдысқа салынған 100 грамм уылдырықты 3 995 – 6 865 теңгегеге, 200 граммын 13 995 – 15 384 теңгеге сатып алуға болады. Қара уылдырықтың 100 граммы 60 000 теңге шамасында (келісі 600 000 теңге).
Ақтау қаласында бақтақ балығы уылдырығының келісі – 44 000 теңге, құнысбалық уылдырығы – 66 000 теңге, кета балығының өнімі – 70 000 теңге. Қара уылдырықтың 250 граммы – 91 000 теңге (келісі шамамен 364 мың теңгеге шығып тұр).
Астана қаласында қара уылдырықтың келісі 270–290 мың теңге аралығында. Ал арнайы ыдысқа салынған, салмағы 500 грамм болатын уырдырықты 135–145 мың теңгеге сатып алуға болады. Құнысбалық уылдырығының келісі – 45 000 теңге, кета балығының өнімі – 50 000 тенге.
Өскемен қаласында баға жоғары. Мұнда тұрғындар құнысбалық уылдырығының келісін 55 000 теңгеге, кета уылдырығын 60 000 теңгеге сатып алып жүр. Амур бекіресінің қара уылдырығын 400 000 теңгеге бағалайды (100 граммы – 40 000 теңге).
Әрі қарай Петропавл қаласы жайғасты. Қызыл уылдырықтың келісі шамамен 60 000 теңге. Ал 120 граммы – 8 636 теңге, 140 граммы – 9 081 теңге (келісі шамамен 65 000 – 70 000 теңге). Қара уылдырықтың 57 граммы 50 000 теңге болса, 125 граммы 108 000 теңгеге (келісі 870 000 теңге) шығады.
Тараз қаласында қызыл уылдырықтың келісі 65 000 – 78 000 теңге аралығында. Тұтынушылар көбіне бұл өнімді граммдап сатып алады. Кижуч уылдырығының 100 граммы – 6 500–7 200 теңге, кета уылдырығы – 7 200–7 800 теңге, құнысбалық уылдырығы – 6 800–7 500 теңге.
Оралда қызыл уылдырық ашық сатылымда бар. Ал қара уылдырықты табу қиынға түседі. Табылса қара уылдырықтың 100 граммы 30 000 теңгеге (келісі 300 – 400 мың теңге) бағаланады. Ақсерке балығының қызыл уылдырығы шамамен 65 000 теңге. Баға өнімнің сұрпы мен өндірушіге байланысты өзгереді.
Қызылордада қызыл уылдырық бағасы шамамен – 70 000 теңге.
Талдықорғанда баға әртүрлі. Мәселен қызыл уылдырықтың келісі 74 000 – 126 000 теңге аралығында. Сонымен бірге уылдырықты граммдап та сатады. Кета балығының 200 грамм уылдырығының бағасы – 18 480 теңге, құнысбалық уылдырығы – 14 840 теңге. Ал 500 граммы – 61 100 тенге, 360 граммы – 45 500 теңге. Қара уылдырықтың 50 граммы – 28 080 теңге (келісі 560 мың теңге).
Ең жоғары баға Қарағанды мен Жезқазғанда тіркелді. Қарағандылықтар қызыл уылдырықтың 100 граммын 9 000 теңгеге сатып алады (келісі шамамен 90 000 теңге). Қара уылдырықтың 100 граммы 26 000 теңге болса, келісі сәйкесінше 260 мың теңгеге шығады. Жезқазғанда қызыл уылдырықтың келісі – 120 000 теңге, қара уылдырық келісі – 280 000 теңге.
Бұған дейін Қазақстандағы мандарин бағасын білдік.
Сонымен бірге өңірлердегі соғым бағасын салыстырдық.