Қазақстанда кімдерге бәс тігуге тыйым салынған және заң қалай орындалып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Елімізде 200 мыңнан астам адам бәс тіге алмайды. Негізі олардың саны одан екі есе көп болды. eGov порталы арқылы шектеу қойғандардың тең жартысының мерзімі біткен. Соған қарамастан елімізде заңды айналып өтетіндер әлі бар. Ақтөбеде әскерилер, ал СҚО-да мемлекеттік қызметшілер жұмыстан шығарылған. Kazinform тілшісі елдегі заң талаптары мен оның орындалуын, лудомандарды емдеу жолын саралайды.

казино
Фото: Pixabay

Туризм және спорт министрлігі

ҚР Туризм және спорт министрлігі 2024 жылдың 18 наурызынан бастап eGov порталы арқылы «Құмар ойындарға қатысуға өзін-өзі шектеу» тетігін іске қосты. Яғни кез келген адам 6 айдан 10 жылға дейінгі мерзім аралығында өзіне шектеу қоя алады. Соның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау, әскери және төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істейтін адамдарға бұл міндетті.

- 2026 жылдың мамыр айына дейін бәс тігу мен құмар ойындарға қатысуға өзін-өзі шектеу қою бойынша жүйеге жалпы 457 396 өтініш келіп түскен. Шектеу қою мерзімі әртүрлі болғандықтан (6 айдан бастап 10 жылға дейін-ред) оның жартысында (233 757 өтініш) мерзімі аяқталды. Қазір 223 639 өтініші бойынша шектеу қолданыста,- деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

«Ойын бизнесі туралы» Заңының 15-бабына сүйенсек, елімізде 21 жасқа толмаған азаматтар бәс тіге алмайды. Ал Заңның 15-1-бабында құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды шектеу түрлері жазылған. Заңға сәйкес елімізде азамат 21 жасқа толғанда өз-өзіне 6 айдан 10 жылға дейінгі мерзім аралығында шектеу қоя алады. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжат бойынша өтініш толтырады, шектеу мерзімін таңдайды, электронды қолтаңбасы арқылы растайды. Бір айта кетерлігі кері шегінуге жол жоқ. Өтінішті қайтарып алуға болмайды. Десе де сот арқылы шектеуді алып тастауға мүмкіндік бар. Сонымен бірге егер адам сот арқылы қабілетсіз деп танылса оның отбасы мүшелері, жақын туыстары шектеу қоюға өтініш бере алады.

Өз-өзіне шектеу қойған адамдардың тізімі елімізде құпия сақталады. Дегенмен қажеттілік туындаса полиция, арнаулы мемлекеттік органдар, ҚР Ұлттық банкі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жеке сұрау салып, белгілі бір адам туралы мәлімет ала алады.

Елімізде бірыңғай есепке алу жүйесі бір орталықтан басқарылғанымен, әскери, төтенше жағдайлар және құқық қорғау органдарының қызметкерлері туралы ақпарат әр органда жеке-жеке жинақталады.

- Әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қатысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының және тәртіптік жауаптылыққа тарту тәртібін регламенттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің ережелері қолданылатынын атап өткен жөн. Агенттік өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруды және іске асыруды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жұмыстарды үйлестіруді, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайтуды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды жүзеге асырады,- деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі. Осылайша Агенттік қандай да бір нақты жауап қатпады.

Жергілікті салалық департаменттер

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұл мәліметтің құпия екенін жеткізді. Ал Ақтөбе облыстық қорғаныс істеру жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ернұр Асқаровтың айтуынша, әскери қызметшілердің шектеу қойғаны туралы ақпарат әр бөлімнен бөлек-бөлек жинақталады.

Ернұр Асқаров
Фото: Алтынай Сағындықова

- Қорғаныс департаментіне хабарлама келеді. Хабарламаға сәйкес аудандарға тапсырма береміз. Олар өз қызметкерлерінің «құмар ойындарға қатысуға өзін-өзі шектеу» қойылғанын растап, ақпарат береді. Соны жинақтап, министрлікке жолдаймыз. Бәрі де түгел «құмар ойындарға қатысуға өзін-өзі шектеу» қойған және ол 10 жылға жарамды. Бұйрық міндетті түрде орындалады. Мониторингті орталықтан жүргізеді,- деді Ернұр Асқаров.

Елімізде тыйым салынғанына қарамастан әскери қызметшілер бәс тігу жолын тауып жүр. Мәселен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының аға офицері 2020-2024 жылдары құмар ойын ойнаған. Бұл туралы қызметтік тексеру кезінде мәлім болды. Іс материалында әскери қызметшінің тек 1 жылға өз-өзіне шектеу қойғаны, уақыты аяқталғанда бірден бәс тіккені анықталды. Сол аралықта ол 1 млн теңгеден астам ақшасын ұттырған.

Тағы бір мысал. СҚО-да құмар ойынға әуес тоғыз мемқызметші жұмыстан шығарылды.

Екібастұзда ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің жеке шоты бойынша айналым 6,8 млн теңге болған. Ұқсас заңбұзушылықтар ауылдық округ әкімі, Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары, сондай-ақ қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің жеті қызметкері тарапынан да анықталды. 

Қазіргі кезде Ақтөбе облысы бойынша 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Рафхат Бисеновтің айтуынша, олардың арасынан бәс тіккендерді анықтау прокуратураның жұмысы.

- 2025 жылы 673 мемлекеттік қызметші тәртіптік, 76 қызметші мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамаларын бұзғаны үшін әкімшілік, 18 тұлға сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық жауапқа тартылды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 202 тәртіптік, 29 әкімшілік шара қолданылды. Ал қылмыстық іс бойынша мәлімет жоқ,- деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті.

Әскери қызметшілермен кездесу болады - психотерапевт дәрігер

Дина Тілеубаева
Фото: Алтынай Сағындықова

Өңірде анықтау жұмысы ғана емес, алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Ақтөбе облысы бойынша көбіне психотерапевт дәрігер Дина Тілеубаева шақырылады. Алкоголизм, нашақорлықтың, құмар ойын мен гаджетке тәуелділіктің неге апаратынын осы маман айтып түсіндіреді. Бірақ бұл құр кездесуде шешілетін мәселе емес.

- Бәс тігетін адамдар өз тірлігін жасырады. Сондықтан да мемлекеттік, әскери және құқық қорғау органдарында мониторинг жүргізіледі. Соның ішінде қарызы бар ма, жоқ па екенін анықтайды. Қарызы еселеп өсе берсе, күдікке ілігеді. Өзімен, отбасымен әңгімелеседі. Кім жұмыстан айырылғысы келеді? Мұндайда әйелі де қоса өтірік айта бастайды. Сондай бір кездесуде «біз мониторинг жүргіземіз, бірақ сонда да мойындамайды» деп айтады жауаптылар. Яғни қарыз неліктен көп дегенде оларға «туысқанымның тойына несие алып бердім» деп түсіндіреді екен. Қарапайым туысына ондай көлемде несие рәсімдемейді. Біз не істейміз? Біріншіден, кездесесіз, әңгімелесіміз. Екіншіден, психолог тест алады. Қосымша полиграфтан өткізеді. Соңында психологиялық зерттеудің қорытындысын шығарады. Қорытынды басшылыққа жетеді, қызметкер жұмыстан шығарылады. Бүгінге дейін анонимді түрде ем қабылдаған қызметкер болмады. Тек 2023 жылы апаттар мидицинасында бір суицид болды. Ол қызметкер лудоман еді. Негізі лудоман жұмысшы қажет пе, жоқ па деген сұрақты басшы өзі шешеді. Әрине тәуелді адам ешкімге керек емес,- деді ол.

Психотерапевт дәрігер Дина Тілеубаеваның айтуынша, оңалту орталықтарында адам кем дегенде 6 ай ем қабылдауы тиіс. Ал тұрақты жұмысы бар қызметкерлер мұндайға бара бермейді. «Созылмалы ауруға» душар болғандар емді бастаса, өмір бойы бақылауда болуы тиіс. Бұл да қант диабеті, қан қысымы секілді ауруға тең дерт.

– Лудомания – ХХІ ғасыр дерті. Тәуелділік 12 жастан басталып, адамдар 18-40 жас аралығында құмар ойынның жетегінде кетеді. Қазір қолда телефон, бәрі қолжетімді. Көбіне спорттық ойындарға бәс тігеді. Олар ешқашан да үлкен ұтысқа қол жеткізе алмайтынын ұқпайды, түсінбейді. Миллиондарынан, мүлкінен, отбасынан, бар жақынынан айырылғанда бір-ақ біледі. Ол – кеш! Адам өз бетімен бәс тікпейді. Оған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Несие көп, ақша жоқ. Үй ішіндегі осы әңгімені бала естіп, көріп өседі. Жасөспірім шақта «ата-анама қалай көмектесемін» деген ойға беріліп, шығар жолын іздейді. Көбіне анасы баласын жалғыз асырап отырған отбасында болады мұндай. Тағы бір айта кететін жайт бар. Бала үнемі бақылауда болуы тиіс. Сұраған сайын ақша беріп отыру да дұрыс емес. Бала жартылай аш жүргені жөн деп есептеймін. Ал қазір өздері көрмеген қызықты көрсетемін деп үйіп-төгіп жатыр,- деді Дина Тілеубаева.

Бір күн ұтса, қармаққа ілігіп, әрі қарай құныға түседі. Сөйтіп тізбек үзілмей, жетегінде кетеді. Елеске ерген адамды аман алып қалу қиын. Көбіне отбасы екінші деңгейде ғана маманға жүгінеді. Бұл дегеніміз – ата-анасының мойындауы. Қарыз көп, тығырықтан шығар жол жоқ.

- Ешкім де бірінші сатыда келмейді. Бәрі екінші сатысында, дымсыз қалғанда маманға жүгінеді. Үшіншісі – суицид. Тығырықтан шығар жолын білмегенде осы жолды таңдайды. Қарапайым отбасы. Кешке бәрі үйге жиналады. Ата-анасының қолында телефон, баласы соны қайталайды. Ешкім ешкіммен сөйлеспейді. Сонымен бірге ата-аналар да «балалар ересек, өздері біледі» дегенді қою керек. Ер балалар кеш есейетінін де ұмытпаған жөн. Сырт келбеті ересек, ойы дамымаған. Ата-анасы осыған жауапты. Баланы жетектеп жүрмей, қиындықты еңсеруге үйретуі тиіс. Лудомания емі – психотерапия және дәрі-дәрмек. Психолог емес, психотерапевт, психиатр болуы тиіс,- деді психотерапевт дәрігер.

Ем-дом жабық жағдайда өтеді. Лудоман бәрінен бас тартып, өз-өзімен жалғыз қалады. Миы тыныққанда, өзінің не істеп қойғанын ұққанда психиатр, психотерапевт жұмысына кіріседі, неден басталғанын іздейді.

Айта кетейік, былтыр үш айда бәс тігіп, құмар ойынға қызыққан жеті әскери қызметкер қызметінен шеттетілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Әскери полиция бас басқармасының профилактика басқармасының бастығы Ертай Ералин мәлім етті.

Сол кезде елімізде 350 мың адам құмар ойынды жүйелі түрде ойнайтыны туралы айтылды. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен зерттеуде 36 мыңның адам лудоман, яғни тәуелді екені анықталды.