Қазақстанда көмір өндірушілерді қайта өңдеуге міндеттейді
АСТАНА. KAZINFORM – Енді көмір өндірушілер оны қайта өңдеуге міндеттеледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов мәлім етті.

– Министрлік тарапынан көмір кен орындарын пайдалануға берілетін келісімшартты ұзарту кезінде енді көмір өндірумен қатар, жер қойнауын пайдаланушылардың көмірді қайта өңдеп, көмір химиясы өнімдерін шығару міндеттемесі жүктеледі. Осылайша, жер қойнауы ұтымды әрі кешенді игеріледі. Бұл мемлекеттік саясат пен халықаралық ынтымақтастықты ұштастыра отырып, еліміздің көмір әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, - деді Жанат Игісінов елордада өткен VI көмір өнеркәсібі форумында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада көмір технологиясы ұлттық ғылыми орталығын ашу жоспарда бар.
Бүгінде елімізде 33 млрд 600 млн тонна көмір қоры бар. Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде алғашқы 10 елдің қатарына кіреді.