Қазақстанда көпірлердің сапасы неге ақсап тұр
Қазақстан көпір мәселесі оқтын-оқтын көтеріледі. Себебі арасында сапасыз салынғаны, жылға жетпей ақау шыққаны бар. Жөндеуді қажет ететіні қаншама. Су тасқыны кезінде өткелге айналуы қажет көпірдің өзіне жөндеу жүргенін көрдік. Осы орайда Kazinform тілшісі көпірлер сапасын бақылау қалай жүретінін әрі оларға қойылатын талапты талдаған болатын.

Жарты ғасыр бұрын салынған
Қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 1 284 көпір орналасқан. Көлік министрлігі оның 133-і жөндеуді қажет ететінін айтып отыр. Өңірлік жіктемесіне қарай айтсақ, Ақмола облысында – 26, Шығыс Қазақстан облысында – 9, Солтүстік Қазақстан облысында – 6, Алматы облысында – 6, Ұлытау облысында 4 көпір апатты жағдайда. Өзге өңірлерде де бірді-екілі көпірдің құлау қаупі бар. Оң статистика тек Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында ғана тіркелген. Мұнда көпірлерге «жақсы» немесе «қанағаттанарлық» деген айдар тағылыпты.
Алдымен көпір сапасының нашарлауына не себеп болғанын аңдайық. Министрлік берген мәліметті сараптау барысында апатты жағдайдағы нысандарға ортақ ерекшелік байқалды. Ол – салынған жылы. Көпірдің көбі 1960-1980 жылдары аралығында пайдалануға берілген. Жамап жасқағанымен, нәтиже көрінбейді. Содан болар, апатты көпірлерге жүргізілген соңғы жөндеу жұмыс туралы дерек аз.

Бұл олқылық темір жолға да тән. «Қазақстан темір жолы» компаниясы шойын жолда 3600-ден астам көпір мен өткел бар деген, олардың 6 пайызы күрделі жөндеуді қажет ететінін жасырмады. Себеп тағы сол, ескі, ғасыр толғаны жетерлік. Ұлттық компания теміржол желілерін салу шеңберінде мәселеге мән бермек. Алдағы жылдары «Достық-Мойынты», «Дарбаза-Мақтаарал», айналма Алматы теміржол желілерін құру кезінде 155-тен астам көпір салуға ниетті.
Қазақстандағы көпірлер уақытқа ғана емес, табиғи апатқа да әзірленбеген сыңайлы. Көктемдегі су тасқыны кезінде Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан облыстарындағы көпірге зақым келді. Нақтырақ айтсақ, «Қандағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз», «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз», «Самара-Шымкент» автожолының бойындағы көпірлер жарамсыз болды. Қазір орташа және күрделі жөндеу әлі жүріп жатыр. Сондықтан елде ескі көпірді жаңаға ауыстыру бастамасы басты орында тұр. Онсыз апатты жағдай азаймайтыны анық.
Қадағалауға қаржы керек
Қазақстанда көпір сапасына қатысты мониторинг жүргізетін қос мекеме бар: Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты және Жол активтері сапасының ұлттық орталығы. Құзыретіне техникалық қадағалау қызметі де кіреді. Қай көпірді жөндеу қажетін бағамдайтын да осы органдар. Талапқа сәйкес, көпірлердің жағдайын анықтау үшін мониторинг үш немесе бес жыл сайын жүргізілуі керек. Қажет болған жағдайда қосымша тексеріс жасауға міндетті. Әсіресе, апатты жағдай орын алған кезде мониторинг жиілігі артады.
«Жыл сайын көпірлерді көктемгі (күзгі) комиссиялық тексеру жүргізіледі. Комиссия құрамына «ҚазАвтоЖол», Сапа орталығы, әкімдік, облыстық полиция басқармасының өкілдері кіреді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған ақаулар көрсетіліп, көпірлердің жай-күйі бойынша деректер толтырылады.
Пайдалануға жарайтын көпірлердің техникалық сипаты қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы тиіс. Жүк көтеру мүмкіндігі, құрылымның тұрақтылығы, су тасқыны мен жер сілкінісіне төзімділігі, жол белгілерінің дұрыс орналастырылуы және жол жабынының қауіпсіздігі назарға алынады», – деді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығынан.
Кейінгі 5 жылда 54 көпірге бақылау жүргізілген. «ҚазжолҒЗИ» АҚ автомобиль жолдары және көпір құрылыстары департаментінің бас маманы Қайсар Шалғардың пікірінше, бұл көрсеткіш тым аз әрі тексеру жиілігі қадағаланбайды. Оған қоса әлемдік үрдіске сай инфрақұрылымды күтіп ұстауға қаржыны көбейту керек.
– Көпір құрылысы нормативті талапқа сай жүргізілгенімен, одан әрі пайдалану және техникалық қызмет көрсету басты мәселеге айналуда. Мысалы, ҚР ЕЖ 3.03–113–2014 стандартына сүйенсек, ұзындығы 100 метрден асатын бірегей және үлкен көпірлер әр 5 жыл сайын, орташа ұзындықтағы көпірлер, яғни 25-100 метр шамасындағы нысандар 7 жылда бір рет тексеріледі. Ал 25 метрге дейінгі кіші көпір 10 жылда бір рет зерттеледі. Тәжірибе көрсеткендей, талаптар жиі орындалмайды. Көп жағдайда көпір ахуалы нашарлап, сыни деңгейге жеткенде ғана назар аударылады. Ал мұндай қиын жағдайдағы нысанды жөндеу едәуір қиын, шығын ұлғаяды, – деді ол.

Маман дамыған елдердегі тәжірибені үлгі етті. Айтуынша, автоматтандыру жүйесін дамыту, қаржыландыру көзін көбейту – мәселені шешудің төте жолы.
– Еуропа, АҚШ, Қытай мемлекеттерінде көпірге деген көзқарас бөлек. Оларды тұрақты бақылауға, заманауи диагностикалық технологияларды қолдануға және уақытылы алдын алуға ерекше назар аударады. Мысалы, Еуропада автоматтандырылған құрылғы арқылы кернеулер, деформация, тіпті дірілді бақылап, көпір элементін нақты уақыт режимінде зерттеуге көшкен.
Сонымен қатар, озық тәжірибелердің жемісі қаржыландыруға тәуелді. Шетелде инфрақұрылымды күтіп ұстауға бөлінетін қаржы қомақты, сол арқылы ықтимал апатты азайтып отыр. Ұзақмерзімді жоспарлау, нормативті базаны жаңарту қағидатын дамытқан. Бізде де аталған қағидалар ескерілуі қажет, – деді Қайсар Шалқар.
Тәжірибе: Ұлыбритания, Германия, Дания...
Ескеретін жайт, Қазақстанда көпірлер туралы дерек әлі күнге дейін қағаз түрінде сақталады. Ақпаратқа жылдам қол жеткізе алмау стратегиялық жол объектілерін жөндеу жұмысын кешеуілдетіп келеді. Сол себепті Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты көпір, жол айрық және өткел туралы мәліметті цифрландыру жұмысына кіріскеніне екі жылдан асты. Осы мақсатта институт көпірлерді пайдалануды басқарудың қазақстандық жүйесін (СУЭМ) әзірлеген болатын. Жоба үшін Дания, Германия, Норвегия, Швейцария, Ұлыбритания секілді елдердің тәжірибесі талданыпты. Мекеме өкілдері жаңа жүйені объект туралы қажетті деректі тез табуға, көпірлерді күтіп ұстау бойынша бюджетті жоспарлауға көмегі көп деген пікірде.
«Жоба шеңберінде дрондардың көмегімен республикалық маңызы бар автожолдардағы барлық көпір құрылысы мен жол өтпелі цифрландырылатын болады. Деректер жасанды құрылыстардың бірыңғай базасының сайтында қолжетімді болмақ. Мұндай деректер көбінесе инфрақұрылым саласында жұмыс істейтін мамандар мен мемлекеттік органдарға қажет. Жүйе көпір мерзімі, құрылысты зерттеу дерегіне сәйкес регламенттік және жедел жұмысты қашан жүргізу керегін анықтап береді. Оған қоса көпірді қанша уақыт пайдалануға болатынына дейін нұсқау бар»,– делінген «ҚазжолҒЗИ» мәліметінде.

Институт халықаралық тәжірибелерді қолданысқа енгізуді жалғастырмақ. Жай енгізіп қоймай, жергілікті климаттық ерекшелікке орай бейімдеу қарастыралуда. Мысалы, өткен жылы көпірлерге мониторинг жүргізу бағытында қытайлық Shandong Hi Speed Group компаниясымен меморандум жасалғанын білеміз. Қазір алғашқы нәтижесі байқалып келеді.
Тәжірибе алмасу үрдісінен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы да қалыс емес. Жуырда орталық мамандары Таиланд, Германия, Грузия, Польша, Италия, Ресей Федерациясына барды. Онда жолшыларымен жолығып, көпір құрылысын зерттеуде қолданылатын заманауи технологияларды үйренген. Әсіресе, аса қажет ультрадыбыстық дефектоскопия, лазерлік сканерлеу, термография секілді әдісті шыңдапты.
Мердігер кепілдемесі – 5 жыл
БАҚ-та көпір құрылысына қатысты сын жиі айтылады. Әсіресе мердігерлердің селсоқ жасалған жөндеу жұмысынан шикілік тапқандар көп. Бұл орынды да, себебі көпірдің кейінгі тағдырына жауаптының бірі – мердігер. Алайда көзбен көріп, дәйекті дерек келтірілген мәліметтің ресми тіркелуі қиын секілді. Неге десеңіз, 5 жылда көпір құрылысын сапасыз жүргізген мердігерлер туралы ақпаратқа іздеу жеткілікті. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» базасында, тіпті ресми ақпаратында бірде-бір дерек тіркелмеген. Сонда қираған көпір, ондағы шұрық-тесік жолдың сұрауы кімнен алынуы керек?
«Кейінгі 5 жылда көпір құрылысын жүргізген мердігерлер тарапынан, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау және күрделі жөндеу учаскелерінде, жұмысты сапасыз жасау бойынша фактілер анықталмаған. Зертханалық қорытындыны «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жүргізеді», – деді министрліктегілер.
Осы тұста екі сауалдың шеті шығады. Көпір құрылысын жүргізетін мердігер компания құрылыс материалдарын пайдалану үшін рұқсат ала ма? Мердігерлердің кепілдік мерзімі қанша жыл?
Алғашқы сұраққа жауап берген Жол активтері сапасының ұлттық орталығы бақылауды техникалық қадағалау қызметі жүргізетінін айтты. Оған қоса зертханалық сынақ үшін жол-құрылыс материалын бақылайтынын жеткізген-ді. Бірақ рұқсатнамаға қатысты тұсқа нақты жауап қайтармағанын айта кеткен жөн. Ал Көлік министрлігінен білгеніміз, көпір құрылысын жүргізген мердігердің кепілдік мерзімі – 60 ай.
Сұраныссыз салынатын көпір
Жалпы кейінгі жылы көпір салу үрдісі белең алды. Барлығы дерлік халықтың талап-тілегі аясында орындалып жатқаны анық. Тұрғындардың қоғамдық кеңес, әкім есебінде көтерген мәселесі министрлік жобасына енетін дәстүр бар. 10 жылда 464 көпір мен өткел пайда болуына да осы тетік себеп. Есте болса, жуырда ашылған Бұқтырма су қоймасындағы көпір де ел сұранысы бойынша жүзеге асқан болатын.
Мұны айтуға себеп бар. Жауапты министрлікке жолдаған ресми хатта «Қай өңірлерде тұрғындар тарапынан көпір салу бойынша талап-тілек айтылуда? Қазақстанда көпір тапшылығы мәселесі бар ма?» деген сауал қойған болатынбыз. Жауап мәтінінде қызық қайшылыққа кезіктік. Ведомство ешбір өңірде халық тарапынан көпір салу туралы ұсыныс түспегенін айтқан, алайда алдағы жылы 100-ден астам көпір мен өткел салуды жоспарлап отыр. Сұраныссыз салынатын құрылыс нысанының қай негіздеме бойынша жүзеге асатыны жабулы қазан күйінде қалды.

«Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көпір салу бойынша тұрғындар тарапынан талап жоқ және көпір тапшылығы байқалмайды. (...) Алдағы жылдары республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 104 көпір мен өткел салу жоспарлануда», – делінген министрлік хатында.
Айта кетейік, алдағы жылдары Түркістан облысында – 27, Ақтөбек облысында – 11, Алматы облысында – 9, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында 8 көпір салынады.