Қазақстанда макарон қанша тұрады

Халық көп тұтынатын макарон өнімдері – вермишель және рожки. Ұн өнімін еттен жасалған түрлі тағамға, сорпаға қосады. Kazinform агенттігінің тілшісі бұл аптада Қазақстанда сұранысқа ие макарон өнімдерінің аймақтардағы бағасын салыстырып көрді.

Макарон
Коллаж: Kazinform

Елімізде ең арзан ұн өнімін Ақтөбе қаласынан табуға болады. Мұнда жергілікті тауар өндіруші салмағы 400 грамм болатын вермишельді 164 теңгеден саудалап жатыр. Ал Ақтауда баға сәл жоғары. Мұнда 184 теңгеге сатылып жатыр. 

Алматы мен Петропавл қалаларында баға шамалас болғанымен, әртүрлі. Мұнда сөредегі тауар құны 195-330 және 195-293 теңге болып тұр. Қарағандыда салмағы 400 грамм болатын вермишель 195 теңге. Бұл өзге қалаларға шамалас баға. 

Көкшетау мен Тараздағы бағаны салыстырған кезде тауар өндірушілердің түрлі ұсынысын көрдік. Мұнда 195 теңгеден басталған баға 425 теңгеге дейін жетті. Ал Өскеменде вермишель 197 теңге, Шымкентте 205 теңге. 

Еліміздің өзге өңіріндегі бағаларды да салыстырып көрдік. Қостанайда 400 грамм вермишель 236 теңге, Екібастұзда 249 теңге. Ал Жезқазғанда 265 теңге, Семейде 293 теңге болып тұр. 
Астана қаласында баға 299-345 теңге. Қонаев қаласында 310 теңге, Атырау мен Қызылордада шамамен 350 теңге деп көрсетілген.

Макарон
Фото: Kazinform

Өзге өңірлерге қарағанда Түркістанда маракон өнімдерінің құны жоғары. Шамамен 390-450 теңгеге сатылып жатыр. Ал Оралда вермишель құны 450 теңге болып тұр. 

Рожкидің пішіні бақалшаққа өте ұқсас болып келеді. Макарон өнімінің осы түрі еліміздің әрбір өңірінде әртүрлі бағаға сатылып жатыр. Салмағы 400 грамм бодатын рожкидің аймақтардағы бағасын саралайтын болсақ, Қостанайда 199 теңгеге сатылып жатыр. Ал Павлодардағы дүкен сөрелерінде баға 215-432 теңгені көрсетіп тұр. Астана мен Көкшетауда баға 329-435 теңге болса, Алматы мен Ақтөбеде 329-389 және 334-388 теңге. Тараз бен Шымкентте макарон өнімі 335-339 теңге. 

Еліміздің батысы Ақтау мен Атырау қалаларында баға өзгелерге қарағанда жоғары. Мұнда 420 теңгеден сатылады. Ал Қарағандада 425 теңге, Екібастұзда 435 теңге. Бұл жолы да Түркістанда баға өзгелерге қарағанда жоғары. 400 грамм ұн өнімі 440 теңге. Ал Орал қаласында 450 теңге болып тұр. 

Өскеменде баға біркелді емес. Мұнда 375-470 теңге аралығында сатылып жатыр. 

Айтып өтейік, Kazinform бұған дейін ірімшік бағасын саралап, арзан немесе қымбатын анықтады. Сонымен бірге шұжық бағасын да салыстырды.

Соңғы жаңалықтар