Дәрігер қауіпсіздігі күшейтіледі: министрліктер күш біріктіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірге медицина ұйымдарында қоғамдық тәртіпті сақтау, қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне күш көрсету мен агрессияны болдырмау үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ортақ тұжырымдама әзірлейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, медицина мекемесінің қауіпсіздік талаптары көрсетілетін көмектің түрі мен деңгейіне, сондай-ақ пациенттер легінің тығыздығына байланысты белгіленеді.
— Медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әрбір адам заңға сәйкес қатаң жазалануы тиіс. Ешбір жағдай мұндай әрекетті ақтай алмайды. Әрбір дәрігер, фельдшер, мейіргер — біз үшін қымбат. Біз — бір командамыз. Әрбір маман өзін қауіпсіз сезінуі қажет, — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағандыда пациенттің туысы тарапынан шабуылға ұшыраған балалар дәрігерлеріне барған сапарында.
Министрдің айтуынша, қазір пилоттық жоба ретінде Астана мен Алматы қалаларында жедел жәрдем қызметкерлеріне жетондар енгізіліп жатыр. Бұл тәртіп бұзуға бейім адамдарға психологиялық тосқауыл болады. Сонымен қатар барлық аурухана мен емханада шұғыл жағдай кезінде жедел әрекет етуге арналған дабыл батырмалары жұмыс істеуі тиіс.
— Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған кешенді шаралар Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен әзірленеді. Соңғы 5 жылдың ішінде медицина қызметкерлеріне 160-қа жуық шабуыл жасау фактісі тіркеліп, салдарынан дәрігерлер түрлі жарақаттар алған, — делінген ведомство таратқан хабарламада.
Айта кетсек, 13 маусымда Президенттің Жарлығымен отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі және азаматтардың денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін сала мамандары наградталды.