Қазақстанда MIT жасанды интеллект университетін ашуы мүмкін: Алпауыт ұйымдар неге Азияға бет бұрды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі ең беделді технологиялық университеттердің бірі — Massachusetts Institute of Technology Қазақстанда Жасанды интеллект университетін ашуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Massachusetts Institute of Technology
Фото: Видеодан скрин

Министр қазіргі уақытта MIT-пен келіссөздер басталып кеткенін айтты.

— Неге MIT? Неге ең мықты университеттер ақырындап бізге келе бастады? Өздеріңізге мәлім, қазір АҚШ-та жоғары білім саласында жағдай өте қиын. Президент әкімшілігі үлкен университеттерді қаржыландыру жағынан қатты қысып жатыр. Гарвард, Колумбия университеттері де өте қиын жағдайда. Сондықтан ақырындап алпауыт университеттер бізге бет бұра бастады. Қазір Президентіміздің жасанды интеллект университетін ашу жөнінде үлкен тапсырмасы бар. Бәлкім сол университет MIT-пен серіктестік негізінде ашылып қалады, — деді Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында.

Massachusetts Institute of Technology 1861 жылы АҚШ-тың Массачусетс штатында құрылған. Бұл оқу орны инженерия, ІТ, жасанды интеллект, экономика, менеджмент бағыттары бойынша әлемде көш бастап тұр.

Жүзден астам Нобель сыйлығының лауреаты MIT-пен байланысты және Google, Intel, Dropbox, Bose сияқты компаниялар MIT экожүйесінен шыққан. Әлемдегі ең қуатты жасанды интеллект зертханаларының бірі — MIT CSAIL осы Массачусетс технология институтында ашылған.

Бұған дейін Ғылым министрі Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД студенттерінен асып түскенін айтқан еді.

Енді Қазақстанда берілген дипломдар Азия-Тынық мұхиты елдерінде танылатын болды. Мәжіліс депутаттары Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялады.

Соңғы жаңалықтар