Қазақстанда мұнайдың өндірілген әр баррелі тіркеліп отырмақ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Еліміздегі мұнай өндіруші компаниялар өндіріс орындарын автоматтандыратын болады. Осылайша, өндірілген мұнайдың әр баррелі Энергетика министрлігінде автоматты түрде тіркеліп отырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбеде мұнай мен газдың көлеңкелі айналымын жою мәселелері талқыланды. ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, соңғы үш жылда 1 миллион тонна мұнай көлеңкелі айналымға түскен .

Енді Энергетика министрлігі мұнай өндіру жүйесін автоматтандырып, әр баррелін есепке алады.

«2020 жылдың қаңтар айынан бастап мұнай өндіретін компаниялар өндіріс аймағын жарықтандырады. Есептеу құралын қондырып, дәл сол ақпарат тікелей Энергетика министрлігіне түсіп отыратын болады. Жоба құны - 2,7 миллиард теңге. Қаржы министрлігі арқылы республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Жұмыс «Цифрлық Қазақстан-2020» жобасы аясында іске асырылады. Негізінен шағын мұнай өңдеу зауыттарында ұрлық көп тіркеледі. Энергетика министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі экспорттың кедендік баж салығын арттыруға шара қолданылып жатыр. Мәселен, шағын өңдеу зауыттары арқылы мұнай өңделіп, өзге өнімді экспорттау кезінде баж салығынан құрылып кетеді»,- деді Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Мұнай компаниялары технологиялық шығынды желеу етіп нақты мұнай өндірісін, табысты жасырады. Нормативтік ережені де мемлекеттік органдар бақылаған емес. Салдарынан көлеңкелі айналым көлемі артады.

«2017 жылы технологиялық шығын көлемі 168 мың тоннаны құрады. Бұл дегеніміз - 3400 цистерна. Нормативтік-құқықтық акт дайындап, ортақ ереже енгізілуі керек»,- деді Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев.

Мұнай ұрлығымен күрес жұмысы кезінде ішкі істер органдары да кедергілер мен қиындықтарға тап болуда. Өңірлерде сот сараптамасын жасау қиынға соғып отыр. Сараптама мұнай компанияларының зертханасында жасалады, ал оның құны орта есеппен 25 мың теңге. Бюджетте бұл сараптамаға қаржы қарастырылмаған. «Ішкі істер органдарында заттай айғақты сақтайтын жер жоқ. Ал мұнай мен көліктерді жеке терминалдарда сақтау механизмі қарастырылмаған. Сондықтан мұнай толы көліктерді, цистерналарды  орналастыру қиынға соғып тұр»,- деді Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Мұхаран Әміров.

 

Соңғы жаңалықтар